Өскеменде Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған турнир өтті
Турнирге барлығы 15 адамнан құрылған 16 команда жиналды
Өскеменде әуесқой командалар арасында шағын футболдан алғашқы ашық футбол турнирі ұйымдастырылды. Бұл - Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған шара, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Екі күнге созылған республикалық турнир кеше мәресіне жетті.
Жарысқа жергілікті командалармен қатар Қызылорда, Павлодар, Талдықорған және Абай облыстарынан келген ойыншылар да қатысты. Турнирге барлығы 15 адамнан құрылған 16 команда жиналып отыр.
Ойын қорытындысы бойынша Өскемен қаласының «Bars-Марқакөл» командасы 1-орын алып, турнирдің жеңімпазы атанды. 2 -орынды семейлік «Жоламан» командасы иеленді. Ал 3-орын ШҚО-ның «Ақсуат» командасына бұйырды.
Сондай-ақ ойын барысында шеберлігімен көзге түскен үздік ойыншылар да түрлі номинациялар бойынша марапатталды. «Bars-Марқакөл» командасынан бірдей екі ойыншы номинацияға ие болды: Дархан Юсупов «Үздік ойыншы», ал Фархат Айманов «Үздік бомбардир» атанды. «Жоламан» командасынының ойыншысы Сайн Қуаныш «Үздік қорғаушы» болса, «Ақсуат» командасынан Думан Дүйсенбеков «Үздік қақпашы» деп танылды.
Жүлдегерлерді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар құттықтап, командалардың тамаша дайындығын ерекшелеп атап өтті.
«Жарыстың жүлдегерлерін шын жүректен құттықтай отырып, осы спорттық шараға қатысқандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Командалар тамаша дайындық пен әдемі ойын көрсетті. Стадиондағы атмосфера да өте керемет болды. Бұл спорт мерекесі расымен сәтті өтті деп айта аламын», – деді шаһар басшысы.