$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
31.03.2020, 00:27
Жаңалықтар

Коронавирус: Қазақстанда тест жасайтын 10 зертхана ашылады

Осылайша сәуір айының басында 12 мың тест жасауға мүмкіндік болады

Коронавирус: Қазақстанда тест жасайтын 10 зертхана ашылады
Фото: ашық дереккөзден

Елордада тест жасайтын 3 зертхана ашылды. Алматыда тағы 3 зертхана ашылады. Басқа өңірлерді қосқанда жалпы 10 зертхана ашылмақ. Бұл туралы онлайн брифингте Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта дүние жүзі бойынша генетикалық ПЦР деген бір тест қана диагноз қоюға бекітілген. Экспресс тест науқастың дертін растап, емдеуге жарамайды. Елімізде ПЦР тест жасайтын 19 зертхана бар. Олардың күніне 6 мың тест жасауға мүмкіндігі бар. Қаңтардан бастап 25 мың тест өткізілді. Өткен тәулік бойынша бір жарым мың тест жасап жатырмыз. Сонымен ел бойынша 6 мың тест жасауға мүмкіндігіміз бар. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жүктеме көп екенін ескеріп, елордада тест жасайтын 3 зертхана аштық. Осы аптада тағы 2 зертхана ашылады. Алматыда 3 зертхана ашылады. Басқа өңірлерді қосқанда жалпы 10 зертхана ашылмақ. Осылайша сәуір айының басында 12 мың тест жасауға мүмкіндік болады», - деді министр.

Оның айтуынша, бүгін мемлекеттік комиссия қосымша тағы 300 мың тест сатып алу жөнінде шешім қабылдаған. Сонда елімізде 600 мың тест болады. Сонымен қатар онлайн брифинг барысында Елжан Біртанов еліміздегі жасанды вентиляция аппараттарының саны туралы ақпарат берді.

«Қазіргі таңда 3 мыңға жуық аппарат бар. Ол жедел жәрдем көліктерінде, аудандық ауруханаларда және үлкен медициналық ұйымдарда жеткілікті деңгейде. Бұл - тез тозатын жабдық, сол себепті ел бойынша қажеттілік бар. Жылдың басында ел бойынша 927 аппарат болған, бірақ қазіргі жағдайда инфекциялық ауруханаларға 167 аппарат қойылған. Қазір басқа ауруханалардан 70 аппарат жеткізуге дайын отырмыз. Өткен аптада Денсаулық сақтау министрлігі 270 аппарат сатып алу бойынша тендер өткізіп, келісімшартқа қол қойды. Ол аппарат сәуір айында келеді. Сонымен барлық инфекциялық және басқа да ауруханаларда бұл аппарат жеткілікті болады. Осыған қосымша отандық мобильдік 180 аппарат келеді», - деді министр.

Елжан Біртановтың айтуынша, болжам бойынша, 3500 коронавирус дертін жұқтырған науқас болса, оның 5%-ының ғана жағдайы күрделі болуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары