Ақтөбеде сумен жабдықтау тарифінің құны 4,6%-ға төмендетілді

Azattyq Rýhy

Прокуратура өкілдері 152 мыңнан астам тұтынушының құқығын қорғады

 

Ақтөбеде сумен жабдықтау тарифінің құны 4,6%-ға төмендетілді
Фото: dknews.kz

Ақтөбе облысының прокуратурасы сумен жабдықтау тарифін төмендетуге қол жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство мәліметінше, Ақтөбе қаласында «Aqtobe su-energy group» АҚ табиғи монополия субъектісі 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламаны бекіту кезінде 160 млн теңгеден астам сомаға Сазда ауданының су құбыры желілеріне күрделі жөндеу жоспарланған.

Алайда Ақтөбе облысының прокуратурасы «Aqtobe su-energy group» АҚ-ның су құбыры желілерін жөндеу бойынша инвестициялық бағдарламаны орындамағанын анықтады.

«Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде сумен жабдықтауға тариф 4,6%-ға, яғни 1 текше метр үшін 93,5 теңгеден 89,2 теңгеге дейін төмендетілді», - делінген хабарламада.

Осылайша, облыс прокуратурасы Ақтөбе қаласының 152 мыңнан астам тұтынушының құқығын қорғады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.