Маңғыстау облысында жалған ақша жасап сатып жүрген тұрғын анықталды
Одан жалпы сомасы 3 850 доллар болатын жалған валюта тәркіленді
Маңғыстау облысында жалған ақша купюраларын өткізу бойынша қылмыстық әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов мәлім еткендей, ұсталған азамат номиналы 50 АҚШ доллары болатын жалған ақша купюраларын сатумен айналысқан.
«Агенттік қызметкерлерінің бақылауымен жүргізілген сатып алу барысында жасанды ақша сату фактісі анықталып, жалпы сомасы 3850 доллар болатын жалған валюта тәркіленді. Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», - деді ҚМА өкілі.
Өзге тұлғалардың заңсыз әрекетке қатыстылығын анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, тергеу жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
«Құрметті азаматтар! Егер сіз жалған ақша тапсаңыз, оны сатуға тырыспаңыз. ҚР ҚК 231-бабына сәйкес өз қаражатын қайтарып алуға деген ұмтылыс қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін. Дереу түрде тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне немесе ҚР ҚМА call-орталығына хабарласыңыз», - деп ескертті ведомство өкілі.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.