Павлодар облысының бұрынғы әкімі жаңа қызметке тағайындалды
Әбілқайыр Сқақов 2022 жылдың 1 желтоқсанында облыс әкімі лауазымынан босатылған болатын
Павлодар облысының бұрынғы әкімі Әбілқайыр Сқақов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қордың баспасөз қызметі хабарлағандай, ӘМСҚ ұжымына жаңа басшыны ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев таныстырды.
«Әбілқайыр Бақтыбайұлының мемлекеттік қызметте 28 жылдан астам тәжірибесі бар, оның 18 жылын бірінші басшы ретінде қызмет атқарған. Қаржы министрлігінің жүйесінде 19 жыл жұмыс істеді. Соның ішінде Салық комитеті төрағасының орынбасары және Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы қызметін атқарды», - деп атап өтті бірінші вице-министр.
Әбілқайыр Сқақов 1974 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. 2012-2016 жылдары Қаржы министрлігі жүйесінде, оның ішінде Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментін басқарды. 2016-2019 жылдар аралығында Әбілқайыр Сқақов Қорғаныс министрінің орынбасары ретінде қаржы және экономика мәселелерін басқарды, одан кейін Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы. 2020-2022 жылдары Павлодар облысының әкімі болды.
2022 жылдың 1 желтоқсанында, Екібастұз қаласы жылусыз қалғаннан кейін Мемлекет басшысының жарлығымен қызметінен босатылды.