Үлескерлер зардап шеккен компаниялар ісі: Астанада 5 адам қамауға алынды

Автор: Мира Байбек

Олардың әрекетінен 426 азамат зардап шеккен

Фото: gov.kz

Елорданың жосықсыз құрылыс салушылары жауапкершілікке тартылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Елорда прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп үлестік құрылыс саласында тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Ведомство хабарлауынша, 2019 жылдан бері проблемалы жылжымайтын мүлік саны 150-ден 32-ге, ал алданған үлескерлер 16 мыңнан 4 мыңға дейін қысқарған.

«Осы кезеңде прокуратура 4 993 үлескердің мүддесіне 48,5 млрд теңгеге 125 талап-арыз жолдады. Жосықсыз құрылыс салушыларға қарсы профилактикалық шаралар қабылдануда. Уәкілетті органмен 2019-2023 жылдары үлескерлерден ақша тартуға құқығы жоқ 149 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өткен кезеңде 4 құрылысшы сотталды», - деп атап өтті қалалық прокуратура өкілдері.

Тақырыпқа орай: Құрылыс салушы компанияларға алданған үлескерлер шығыны 30 млрд теңгеден асқан

Бүгінде полицейлермен 10 тұрғын үй кешенін салушы компания басшыларына қатысты 7 қылмыстық істер тергелуде.

«5 адам қамауға алынды. Аталған тұлғалардың әрекетінен 426 азамат зардап шеккен. Елорда қонақтары мен тұрғындарына құрылыс салушыны таңдауда абай болу керектігін ескертеміз», - делінген хабарламада.

Азаматтардың қаражатын тартуға құқығы бар құрылыс салушылардың тізімі www.egov.kz сайтында көрсетілген.