Қызылордада Абайдың 100 жыл бұрын басылған өлеңдер жинағы табылды
Араб тілінде жарыққа шыққан көне кітап музей қорында сақталған
Қызылордада Абай Құнанбаевтың осыдан 100 жыл бұрын басылған өлеңдер жинағы табылды. Араб тілінде жарыққа шыққан көне кітап музей қорында сақталған. Ғылыми қызметкерлер құнды жәдігер ұлы ақынның кітабы екенін тіл мамандарына жүгіну барысында анықтаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы жинақтың мазмұнын және онда Абайдың қанша өлеңі енгенін тізіп шыққан. Жалпы кітап төрт бөлімнен құралған. Бірақ, біраз парағы жыртылып, беттері түгел сақталмаған. Ғалымдар тарихқа сүйеніп, бұл жинақ 1922 жылы Қазан қаласында басылған деп болжап отыр.
«Жалпы әр өлеңі кітапта таңбаланған. Бұл кітапта 11 санынан басталып тұр. Сонда 135 өлең жана 10 санмен таңбаланғанда 145-тей өлеңі енген деп топшылап отырмын. Бұл негізі кітап А.Байтұрсыновтың төте жазуына келмейді. Қазақша жазылған, бірақ араб алфавитімен жазылған», - дейді өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы.
Жалпы мұражай қорында әлі мазмұны ашылмаған парсы, шағатай, араб тілінде жазылған 200-ден астам кітап бар. Соның бүгінде 15-і ғана зерделеніп, аударылған. Мұнда 1800-ші жылдың аяғы мен 1900 жылдардың бас кезінде жарыққа шыққан қолжазбалары сақтаулы тұр.