Экс-әкім Су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалды
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады
Нұржан Нұржігітов Су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», - делінген хабарламада.
Нұржан Нұржігітов 1967 жылы дүниеге келген, білімі жоғары. 1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын «Инженер-механик», 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген.
Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры. Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы Максим Горький атындағы колхозында механик болып бастаған.
Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. Байзақ ауданының әкімі болған.
2021 жылдың сәуір айында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, ал 2022 жылдың сәуірінен бастап Жамбыл облысы әкімінің қызметіне тағайындалған болатын.