$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.03.2020, 11:02
Жаңалықтар

Алматының айналасына тағы 17 блок-бекет қойылды

Қойылған блок-бекеттерде бір уақытта шамамен 100 тәртіп сақшысы қызмет атқарады

Алматының айналасына тағы 17 блок-бекет қойылды
Әсет Құндақбаев

Ең көп блок-бекет Қарасай ауданында – 8 орынға қойылды. Іле ауданында – 6, Талғар ауданында 3 орында бекет орнатылған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің аумағында төтенше жағдай жарияланды. Осыған орай, ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен полицияның жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген тәртібіне көшірілді. Полицияның басты міндеті – қоғамдық тәртіпті қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта Департамент тарапынан коронавирустық індеттің алдын алу және оның таралуына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылдануда. Өткен тәулік ішінде блок-бекет жұмысына жұмылдырылған қызметкерлер 3 266 көлікті тексерген. 19 наурыздан, яғни карантин енгізілгелі бері 23 000 көлік тексеруден өткен», - деді Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев.

Сонымен қатар, облыс орталығы Талдықорған қаласы маңына да 4 санитарлық бекет қойылды. Жақын күндері қалаға 8 064 көлікке мінген 20 мыңнан астам жолаушы кірген. 21 наурыздан бері бекеттерден 21 371 көліктің өткені анықталды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 476-бабының талаптарын бұзған 26 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Ең алдымен, Сіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігіне бағытталған ішкі істер органдарының әрекеттері мен шараларына түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Сонымен қатар, төтенше жағдай тәртібін қатаң сақтауға, әлемдік деңгейдегі індетпен күресте және оның алдын алуда полицияның және өзге де қызметтің талаптарын орындауға шақырамын. Ең бастысы, Сіздің денсаулығыңыздың кепілі болатын санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау қажеттілігін ескертемін», - деп атап өтті облыстың бас полицейі.

Серіктес жаңалықтары