«Өрескел қателіктер жіберді»: Путин Пригожиннің өліміне қатысты пікір білдірді
Әлі күнге дейін Пригожиннің қайтыс болғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ
Ресей президенті Владимир Путин «Вагнер ЖӘК» компаниясының негізін қалаушы Евгений Пригожиннің ұшағы апатында қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Путин Пригожин мен оның серіктестерінің өлімі туралы сөз арасында айтып өтті. «Шынында да, егер олар сонда болса, бастапқы деректер «Вагнер» компаниясының қызметкерлері сонда болғанын көрсетіп отыр» деген ол вагнерліктердің еңбегі туралы айтты.
«Кеше, менің білуімше, [Пригожин] Африкадан оралған, мұнда кейбір шенеунікпен кездескен», - деді Путин өзін-өзі жариялаған ДНР басшысы Денис Пушилинмен кездесуде.
Әлі күнге дейін Пригожиннің қайтыс болғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
«Мен Пригожинді 90-жылдардың басынан бері білетінмін. Тағдыры қиын болған ол өмірде де өрескел қателіктер жіберді. Д егенмен өзім үшін немесе қоғам үшін өтініш жасағанымда, соңғы айлардағыдай, қажетті нәтижелерге де қол жеткізе алды. Талантты адам, талантты кәсіпкер болды», - деді Ресей президенті.
Faridaily телеграм-каналының хабарлауынша, Пригожиннің өзі Путинмен 2000-жылдардың басында, New Island мейрамханасына қонаққа келген кезде танысқанын айтқан.
Еске салайық, Пригожинге тиесілі бизнес ұшағы 23 тамызда түнде Тверь облысындағы Куженкино ауылының маңында апатқа ұшыраған болатын. Росавиация көп ұзамай ұшақта Евгений Пригожин есімді жолаушы болғанын хабарлады. Сондай-ақ департаменттің хабарлауынша, жолаушылар арасында Дмитрий Уткин есімді адам («Вагнер» ЖӘК командирінің аты-жөні, әскери компания соның лақап есімімен аталған) болғанын атады.
Росавиация мәліметінше, ұшақта 10 адам – жеті жолаушы мен үш экипаж мүшесі болған. Олардың барлығы қаза тапты. Табылған сүйектердің кімге тиесілі екені әлі анықталған жоқ. БАҚ хабарлауынша, марқұмдардың денесі қатты зақымдалған және олардың кім екенін анықтау үшін генетикалық сараптама қажет болады. «Қаза тапқандардың биологиялық материалы Мәскеуге генетикалық сараптамаға жіберілді», - деп жазды Baza Telegram-арнасы.
Тергеу комитеті жол қозғалысы қауіпсіздігі және әуе көлігін пайдалану ережелерін бұзу (РФ Қылмыстық кодексінің 236-бабы) бойынша қылмыстық іс қозғады.