Ауыз су: Мәжіліс депутаты Исфиджаб тұрғын алабындағы құрылыс жұмысымен танысты
Фракция жетекшісі Жол картасындағы мәселелердің жүзеге асырылатынын айтты
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Сайрам, Тассай, Ұлағат елдімекендерінде жүргізіліп жатқан таза ауыз су құрылысының жұмысымен танысуға Исфиджаб тұрғын алабына барды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Шымкент қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат төрағасы Б. Нарымбетов, Мәжіліс депутаты Д. Исабеков, мәслихат депутаты, қалалық фракция жетекшісі Қ. Имашев, Еңбекші ауданының әкімі Д. Есілбек, қалалық партия Атқарушы хатшысының орынбасары Е. Айтбаев қатысты.
«Үшінші қала» статусын алғалы бері Шымкентке жаңа елдімекендер қосылғанын білесіздер. Ондағы халықтың басты проблемасы – инфрақұрылым. Әсіресе, тұрғындар таза ауыз су мен жол проблемасына қатысты партиямызға жиі шағым айтып келеді. Сайлауалды уәдемізде осы мәселелерді шешу үшін арнайы Жол картасын жасаған болатынбыз. Енді сол уәделердің орындалуын қатаң бақылауда ұстаймыз, - деді Елнұр Сабыржанұлы.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы М. Ердембеков таза ауыз су құбыры құрылысындағы негізгі мәселелерді айтып, жұмыс барысын баяндады. Үш кезеңнен тұратын құрылыс жұмыстарының 65% орындалды және биылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланып отыр. Бас мердігер «Мелиоратор» ЖШС компания өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмысы кестеге сәйкес, жоспарлы түрде іске асырылып келеді. 2025 жылға дейін мегаполисті 100% сапалы ауыз сумен қамту үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.