Гавайда орман өртінен кейін 1 мыңнан астам адам жоғалып кетті
Гавайдағы өрттер АҚШ-тағы соңғы жүз жылдағы ең қатерлі өрт болып тарихқа енді
Гавай аралдарының бірі Мауиде орман өртінен кейін із-түзсіз жоғалып кеткен 1000-нан астам адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы АҚШ-тың Гавайи штатының губернаторы Джош Грин CBS телеарнасының эфирінде айтты.
«1000-нан астам, нақты айтсақ, 1050-ге жуық адам жоғалып кетті. Оларды табу үшін тағы бірнеше апта қажет. Зардап шеккен аумақтардың 85 пайызы тексерілді. Қазір біз үлкен ғимараттарды тексеріп жатырмыз, ол үшін үйінділерді аршып, қоқыстарды тазарту қажет. Бұл 15 пайыз аумақты қарауға бір апта уақыт кетуі мүмкін», - деді губернатор.
Еске салсақ, Мауи аралында орман өрті 9 тамызда басталған болатын. Қатты жел салдарынан өрт тез арада туристік қалашық Лахайнаға өтіп, соның салдарынан қалашық толығымен өртеніп кетті. Гавайдағы өрттер АҚШ-тағы соңғы жүз жылдағы ең қатерлі өрт болып тарихқа енді. Штат тарихындағы «ең ірі табиғи апаттан» келген шығын 6 млрд долларға бағаланып отыр.