$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«85 мың теңге айлық алады»: мектеп және мәдениет кітапханашылары жалақысының теңсіздігі қалай шешіледі

Мәдениет саласындағы кітапханашыларының ең төменгі жалақысы – 125 980 теңге

«85 мың теңге айлық алады»: мектеп және мәдениет кітапханашылары жалақысының теңсіздігі қалай шешіледі

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында мәдениет және мұрағат саласы қызметкерлері мен кітапханашылардың жалақысын, әлеуметтік кепілдемесін арттыру мәселесіне қатысты баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бастамаларын орындау аясында мәдениет және мұрағат саласы қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылы екі есеге ұлғайтылды. Партияның «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасында мәдениет және мұрағат ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын 2027 жылға дейін орташа есеппен 20%-ға арттыру көзделген. Алайда, бұл тізімге бүкіл мәдениет саласы мен кітапхана қызметкерлері түгелдей кірген жоқ. Бұл әрине, халықтың алаңдаушылығын туғызды.

Осыған байланысты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мәселені қолға алды. Үкіметке осы жағдай бойынша тиісті депутаттық сауалдар жолданды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жұлдыз Сүлейменова биыл Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы балалар арасында оқуға және кітап оқуға құштарлықты дамыту бойынша балалар кітапханасын дамыту бойынша жаңа міндеттерді қойғанын айтты.

«Осы орайда біз шілде айында кітапханашылармен кездестік. Білім саласындағы кітапханашылардың, оның ішінде мектептегі кітапханашылардың жалақысын өсіру жайлы көп мәселе көтерілді. Жыл сайын мәдениет саласындағы кітапханашылардың жалақысы көтерілген кезде білім саласындағы кітапханашылар тыс қалады. Бұл-7500 мектепте 124-тен астам оқу орындарының кітапханаларына қатысты мәселе. Осы үшін 5 министрліктің өкілін жинап отырмыз. «Педагог туралы» заң жобасы қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жалақысы да, мәртебесі де өсті. Енді мектеп саласындағы кітапханашыларға осындай жалақы беру керек пе, олардың есебі қандай болады деген сұрақтар туындап отыр», - деді Сүлейменова.

Депутат атағандай, балалардың кітап оқуға деген құштарлығы 2016 жылмен салыстырғанда 18 пайызға төмендеп кеткен.

«Бұған дейін бастауын сынып оқушыларының арасында мұндай көрсеткіш болмаған. Бұл соңғы 6 жылдағы тенденция. 2013 жылы стандартты ауыстырған кезде кітапханашылардың жұмысына көңіл бөлуіміз қажет пе еді. Арада 10 жыл өтті. Қазір ол кезек күттірмейтін мәселе. 2021 жылдан бастап кітапханашылардың жалақысын кезеңдеп көтеріп келеді. Бірақ бұл білім, мектеп саласындағы кітапханашыларды қамтымай отыр. Ол мәдениет және білім саласындағы кітапханашылар арасындағы теңсіздікке алып келіп отыр. Бұған біз жол бере алмаймыз», - деді ол.

Сүлейменованың айтуынша, кітапхана саласында кадр тапшылығы да бар.

«Алдағы 3 жылда бізде 6 мыңға жуық кітапханашыға тапшылық болуы мүмкін. Сәйкесінше, біз грант санын 30 пайызға көбейтуді ұсындық. Биыл грант бөлу кезінде біздің бастамамыз еленді. Кітапханашы қызметінің мазмұнын өзгерту мәселесін көтердік. Педагог-кітапханашы немесе кітапханашы-педагог ұғымы Скандинавия елдерінде бар түсінік. Күзде бюджет қайта қаралады. Оның аясында кітапханашы мамандығының жалақысына жетіспеген бюджетті көтергіміз келеді», - деді ол.

Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев атағандай, кітапханашылар мен архив ісін бөлуге болмайды.

«Сондықтан екі қызметтің де жалақысын көтеру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында мәдениет және архив ісі бойынша нақты жалақылар белгіленген. Мәдениет және спорт министрлігі кітапхана саласында тиісті жұмыстарды құзырлы органдармен бірге атқарып жатыр. Кітапхана ісі - ұрпақтың болашағы мен сауатында өте маңызды рөл атқаратын сала. Қазіргі таңда республикалық және өңірлік кітапханалардың ең төменгі жалақысы орта есеппен 125 980 теңгені құрайды», - деді ол.

Өз кезегінде Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Нұрғалиева кітапхана ұлттың жады мен коды сақталатын жер екенін атап өтті.

«Ол жердің 100 жылдан кейін де ұрпаққа қор болуына сала мамандары жауапты. Кітапхана ісіне мықты мамандарды тартып, саланы көркейту үшін кітапханашылардың әлеуметтік жағдайы үлкен рөл ойнайды. Елордадағы бас кітапхана – Ұлттық академиялық кітапхана. Бірақ 25 жылдық еңбек өтілі бар кітапханашы 172 мың жалақы алады. Ол-басшылардың блогы. Бізде С блогы бар. Ол жердегі айлық - 94 мың. Мемлекет басшысы кітапхана туралы мәселе көтеріп, тапсырмалар беріліп жатыр. 2022 жылдан бері 2025 жылға дейін жыл сайын қаңтар айында кітапханашылардың жалақысына 20 пайыз қосылып жатыр. Бірақ бағаның өсімі мен әлеуметтік тұрмыс қажеттілігіне орай 20 пайыз түк емес болып қалады. Төменгі блоктағы базалық айлыққа 890 теңге қосылады екен. Осы мәселе шешімін табады деп ойлаймыз», - деді Нұрғалиева.

Оқу-ағарту министрлігі Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасының директоры Әлия Сайдембаеваның айтуынша, білім беру ұйымдарында қызмет ететін кітапханашылардың ең төменгі жалақысы 85 мың теңге.

«Оқу-ағарту министрлігінде білім беру ұйымдарында қызмет ететін кітапханашылардың айлығы 25 жыл еңбек өтілімен 130 мың теңге алады. Ал қолына алатыны 110 мың теңге. Ең төменгі айлық - 85 мың теңге», - деді ол.

Сейдембаева атағандай, бүгінгі күні елімізде осы салада 8 300 кітапханашы қызмет атқарады.

«Оның 5 900-і жоғары білімді мамандар, қалғаны орта білімді. Жалақы өте төмен. 2016 жылдан бері маман тапшылығы бар. Мектеп кітапханаларында көбіне зейнет жасындағы кітапханашылар жұмыс істейді. Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын кітапханашылардың айлығынан мектеп кітапханашыларының айлығы 50-60 мың теңгеге төмен», - деді ол.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев азаматтық қызметшілер елдегі жұмыс күшінің 13 пайызын құрайтынын айтты.

«Жалпы азаматтық қызметшілердің жалақысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл салада өте көп сұрақ туындап жатыр. Қазіргі таңда министрлікте әр саланың маманы қатысатын жұмыс тобы құрылды. Қазір зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа әдіснама дайындауға әзірміз. Жаңа методика жылдың аяғына дейін дайын болады. Ол бойынша әр саланың барлық маманы қамтылады. Бюджетте бұл мәселені қарастыруға үлгереміз», - деді ол.

Осы мәселені үнемі Мәжілісте көтеріп жүрген депутат Еркін Әбілдің айтуынша, бұл мәселеге қатысты министрлік нақты мерзім айтпаған.

«3 жылда білім беру саласындағы кітапханашылардың жалақысын мәдениет саласындағы қызметкерлермен теңдестіру үшін 5 млрд теңге қажет. Жыл сайын 1,5-2 млрдтан. Бұл біздің бюджет үшін үлкен қаражат емес. Методикаларды өзгертпей, жалақыны өзгертуді ұсыну керек деп ойлаймын. Себебі жылдың соңында методика ұсынылып, оны талқылағанша тағы жарты жыл өтеді. Сондықтан оны күтпей мәдениет пен білім саласындағы кітапханашылардың жалақысын теңдестіру үшін 5 млрд теңге бөлу керек деп ойлаймын. Бұл саладағы жалақы мардымсыз болса, кадр тапшылығы бола береді», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары