Шымкенттегі орташа жалақы мөлшері 234 965 теңгені құрады
Өңірде «AMANAT» партиясының сайлау алдындағы уәделерін іске асыру мәселесі талқыланды
Қазыналық кәсіпорындардың азаматтық қызметшілерінің және техникалық қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесі қалалық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының фракция отырысында қаралып, кезекті 2-сессияда қолдау тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2023 жылдың 1 сәуірінен бастап өңірдегі 17 мыңнан астам азаматтық қызметкердің айлығы 70 мың теңгеден 110 мың теңгеге артты. Бұған жергілікті бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді.
«Қала бойынша 2022 жылы орташа айлық 2021 жылмен салыстырғанда 22%-ға артып, 234 965 теңгені құрады. Атап айтқанда, 2022 жылы білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту, спорт саласындағы 43,4 мың қызметкер жалақысы 25%-ға, 49,4 азаматтық қызметкер табысы 23%-ға, 31,4 мың шағын және орта бизнес қызметкерінің айлығы 22%-ға, 465 мәдениет қызметкерлері - 20%-ға, 1,8 мың қоғамдық қауіпсіздік қызметкерлерінің жалақысы 15%-ға көтерілді», - делінген «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының хабарламасында.
2023 жылы 33,5 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған, қазіргі уақытта 12,2 мың (36,6%) адам жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар, «Асар-2» шағын ауданындағы жол мәселесі бойынша, Күншоғыр көшесінің 1, 2-учаскелері және атауы жоқ №3 көшесінің орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Асарды Шымкентсити шағын ауданымен қосатын атауы жоқ көшенің құрылысы» нысанның жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптама оң қорытындысы алынды. Нысанның құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетке 2024 жылға жалпы құны 1 млрд. теңгеге өтінім ұсынылды», - делінген.
«Асар-2» шағын ауданында шеткі көшелерге қазба жұмыстары осы жылдың аяғына дейін созылатындығын ескере отырып, биыл шағал тас төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Ал, аталған шағын аудандағы кәріз жүйелерінің құрылысы нысанның жалпы құны – 1 млрд теңге. Құрылыс мерзімі – 10,3 ай. Құрылыс жұмыстары үшін 2020-2023 жылға 532 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда Асар-2 шағын ауданында 16 км кәріз жүйесі жүргізілді.