30 жыл бойы мемлекетті қанаған, тонағандарды жазалайтын заң қабылданды – депутат Нартай Аралбайұлы
100 миллион доллар байлығы бар ел азаматтары тексерілетін болады
Күні кеше Президент «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару» туралы заңды қабылдады. Бұл заң елдегі олигополиямен күреске қауқары жете ме? Кімдердің байлығы елге қайтарылады? Заңсыз иемденген байлық екені қалай анықталады? Заңды жүзеге асырудың алгортимдері қандай? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы 30 жыл бойы мемлекетті қанаған, тонаған адамдар жазалануы керек екенін айтады. Оның сөзінше, осы заң олардың заңсыз иемденген үйлерін, көліктерін, басқа мүліктерін халыққа қайтару үшін жасалып отыр.
«Мысалы, елімізде олигополиялық топтар бар. Олар өздері заңсыз иемденген мүліктерін жақындарының, әйелінің, басқа адамдардың атына жазуы мүмкін. Солардың бәрін зерттеп, сол топтардың атындағы дүниелерін тексеріп, өздерін тергеп, содан кейін шешім шығатын болады», - дейді депутат.
Нартай Аралбайұлының айтуынша, заңсыз иемденгендер тізімінде кімдер бар екені әзірге құпия болады. Сотқа тартылғандары сот шешімі шыққаннан кейін ғана жария етіледі.
Ал депутат Дәулет Мұқаев заңсыз иемденгендер тізімінде квазимемлекеттік кәсіпорындарда, мемлекеттік әкімшілік құрылымдарда жұмыс істеп, мемлекеттің байлығын заңсыз иемденгендер болатынын айтты.
«Бұл заң осы уақытқа дейінгі 30 жыл ішінде сыбайлас жемқорлықпен айналысқандарға, яғни квазимемлекеттік кәсіпорындарда, мемлекеттік әкімшілік құрылымдарда жұмыс істеп, мемлекеттің байлығын заңсыз иемденгендерге қолданылады. «Қазақстанның жарты байлығы 162 адамның қолында» деп Президент айтқандай, бұл заң сол адамдардың ішіндегі заңсыз байлық иеленгендерден елге активтерді қайтару үшін қабылданып отыр. Мәселен, 100 миллион доллар жиғаны бар байлардың активтері заңды түрде келді ме, әлде заңсыз түрде иеленді ме деген сұрақ туындайды. Егер тексерілгеннен кейін ол байлықты заңды түрде жинаған болатын болса, оны ешкім тартып ала алмайды, күш көрсетпейді. Ал егер заңсыз екені дәлелденетін болса, онда мемлекетке қайтаруына тура келеді. Олар өздерінің жиған дүниесінің заңды екенін дәлелдеуі керек. Ал егер осындай активтерді заңсыз иеленген тұлғалар «мемлекетке қайтарам» деп, өз еркімен беретін болса, онда олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болады. Ал егер заңсыз екені дәлелденіп, сотқа тартылатын болса, онда ол мемлекеттің байлығын заңсыз иеленгені үшін, жасаған қылмысы үшін соттың алдында жауап беретін болады», - деді ол.
Заң қабылданғаннан кейін қарапайым халық үшін, мемлекет үшін қандай пайдасы болады? Қандай нәтиже күтеміз?
«Ол ақша мемлекетке қайтарылғаннан кейін Қаржы министрлігіне аударылады. Одан кейін әлеуметтік, экономикалық қажеттіліктерді өтеу үшін арнайы қорға аударылып, ел игілігіне жұмсалатын болады», - деп сендірді депутат.
Халық қалаулысы Айдос Сарымның айтуынша, «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару» туралы заң әділдік орнату үшін қабылданып отыр.
«Тәуелсіздік алған жылдары әртүрлі әділетсіздіктер болды. Активтерді заңсыз иемденіп алған адамдар бар. Осының барлығы азаматтардың Үкіметке, мемлекетке көзқарасына сызат түсірді, сенімсіздік туғызды. Азаматтарымыздың көкейінде «елде әділеттілік жоқ, елден кету керек шығар» деген ой тудырды. Осы себептен де бұл заң қабылданып отыр. Әділеттілікті орнатудың бір үлкен бағыты деуге болады. Бұл – әділетті Қазақстанды, жаңа Қазақстанды қалыптастыру бағытындағы жасалған тарихи шешімдердің бірі», - дейді ол.
Оның сөзінше, заңсыз активтерді қайтару туралы заңды қабылдауға дейінгі кезеңде үлкен жұмыстар атқарылған, дайындық жүргізілген.
«Еліміз көптеген халықаралық құжаттарға қол қойды. Біршама халықаралық конвенцияларға мүше болып қосылдық. Осындай дайындық жұмыстары осы заңды бізге алып келуге, қабылдауға жол ашты. Болуы мүмкін сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан заңсыз активтерді қайтару туралы заңды қабылдағанға дейін ұзақ уақыт дайындықтан өтті», - дейді ол.
Заңсыз активтерді қайтару жұмыстары қалай жүргізіледі? Осы туралы депутаттан сұрадық.
«Оларды Бас прокурор бастаған мемлекеттік комиссия тексереді. Осы комиссия «мына актив шынымен заңсыз екен, осыны қайтару бойынша еңбектенуіміз керек» деп сол адамның байлығының қалай жиналғанына тексеру жүргізеді. Соның негізінде нақты шешімдер қабылданады. Нақты тапсырмалар беріледі. Бізді үлкен жұмыс күтіп тұр. Сотқа шағымдануы мүмкін. Немесе сол активтердің иелерін шақырып алып, олармен келіссөз жүргізу керек деген сияқты шешімдер шығарылады», - деді Айдос Сарым.
Депутаттан комиссия құрамында кімдер болатынын сұрадық.
«Оған жүзден астам маман тартылады. Комиссия құрамында негізінен халықаралық заңдарды білетін заңгерлер болады. Олардың Ұлыбританияның, Францияның Конституцияларын, заңдарын білуі маңызды. Яғни, халықаралық соттың қалай жұмыс істейтінін білетін, халықаралық сотта жұмыс істеп көрген мамандар болады. Заңгерлермен қатар қоғам қайраткерлері, депутаттар комиссия құрамына кіреді», - деді ол.
Сонымен, активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган яғни, Бас прокуратура ведомствосы жүзеге асырады. Ол мемлекеттік органдардың ақпараты және заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді. Мониторинг және талдау барысында активтерді заңсыз шығару схемасына қатысы бар тұлғалар тобы, олармен үлестес тұлғалар тобы, активтердің жиынтық мөлшері, активтерді заңсыз иемденудің, оларды елден тыс жерге шығарудың белгілері мен мән-жайы және өзге де мәліметтер айқындалады.
Талдау қорытындысы бойынша, егер уәкілетті органда сатып алынған активтердің заңдылығына қатысты орынды күмән туындаса, ол активтерді қайтару жөніндегі комиссияға (Парламент депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де тұлғалардан құралған комиссияны Премьер-Министр жасақтайды) осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті реестрге қосу туралы ұсыныстар енгізеді.
Заңда уәкілетті органның орынды күмәндануына негіз болатын критерийлер нақты айқындалған. Бұл – активтер құнының заңды кірістер көлеміне немесе активтерді иемденуіне, тұлғаның немесе оның үлестес тұлғаларының активтерді белгіленген шектен жоғары бағада (жауапты лауазымға орналасу кезінде не одан кейін) сатып алуына арналған шығыстарды жабудың өзге де көздеріне сәйкес келмейтін және Заңда белгіленген басқа да негіздер.
Комиссия тұлғаларды Реестрге енгізу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ әлеуметтік, саяси және экономикалық тұрақтылықты ескере отырып, активтерді қайтару жөніндегі алдағы шаралар туралы шешім қабылдайды.
Комиссия адамдарды Реестрге енгізген жағдайда, уәкілетті орган бұл туралы оларды хабардар етеді және осы сәттен бастап тұлғалар активтерді иемденудің заңдылығын растай отырып, активтер туралы декларацияны тапсыра алады (бір ай ішінде не 3 ай ішінде – құжаттарды жинау және дайындау үшін неғұрлым ұзақ мерзім қажет болған жағдайда).
Декларацияда субъектілер заңды тұлғаның кірістерін, активтерін, жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстандағы және шетелдегі қарыздарды, активтердің шығу тегі туралы өзге де мәліметтерді көрсетуге тиіс.
Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп танылады.
Активті елден шығару немесе оны иеліктен шығару қаупі туындаған кезде, уәкілетті орган алдын алу шараларын қабылдау туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.