$ 511.92  588.91  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.03.2020, 02:25
Жаңалықтар

Жеңіс Қасымбек қарағандылықтарға коронавирусқа байланысты үндеу жасады

Қарағандыда екі адамнан коронавирус анықталған еді

Жеңіс Қасымбек қарағандылықтарға коронавирусқа байланысты үндеу жасады
Фото: ашық дереккөзден

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек коронавирусқа байланысты тұрғындарға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қазіргі уақытта біздің өңірде 2 короновирусты жұқтыру жағдайы тіркелді. Ол бұған дейін Минск - Нұр-Сұлтан рейсімен ұшып келіп, медициналық мекемеде оқшауландырылған жолаушылардан расталды. Біздің қызметтер оларды толық оқшаулау бойынша шараларды қабылдап, қалған жолаушыларды карантинге орналастырды. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты бақылауда», - деп жазды әкім Facebook желісіндегі парақшасында.

Сондай-ақ, ол осы күндері үлкен жүктемеге тап болған медицина қызметкерлеріне алғыс айтты.

«Біздің денсаулығымыз біздің жауапкершілігімізге тікелей байланысты екенін еске салғым келеді. Қолдарыңызды жиі жуып, қажеттілік жоқ болса далаға және халықтың көп жиналатын орындарына бармаңыздар. Осы қарапайым ережелерді сақтау біздің дәрігерлеріміздің вируспен күресудегі жұмысын едәуір жеңілдетуге көмектеседі. Сондай-ақ, облыс тұрғындарына ұйымшылдық танытып, қолдау білдіріп отырғандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Мен егде адамдарға азық-түлік пен дәрі-дәрмектермен көмектесіп жатқан еріктілер туралы хабарларды оқи отырып, өзара көмек пен қолдаудың артқанын атап өткім келеді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Әкім жағдайды жете түсініп, қызметкерлерін қашықтан жұмыс жасауға жіберіп жатқан облыс кәсіпкерлеріне де ерекше алғыс білдірді.

«Осы күндері барлықтарыңызды мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылатын қауесеттер мен фейктерге сенбеуге шақырамын. Барлық ресми ақпаратты сіздер мемлекеттік органдардың, Денсаулық сақтау министрлігінің және Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайттарынан таба аласыздар. Сіздерді тек тексерілген ақпаратқа сенуге шақырамын. Біз барлық күш-жігерімізді біріктіріп, орын алған қиындықтарды жеңуге толық мүмкіндігіміз бар!». - деді облыс әкімі.

Еске салайық, Қарағандыда екі адамнан коронавирус анықталған еді. 

Серіктес жаңалықтары