Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президентін құттықтады
Тараптар екі ел одақтастығын нығайта түсу мәселесін талқылады
Мемлекет басшысы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевті туған күнімен құттықтап, оған бақ-береке және жауапты мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Мемлекет басшысы Өзбекстан президентінің екі ел арасындағы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, тату көршілік және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті», - делінген хабарламада.
Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі нығайту перспективалары талқыланды.
Сонымен қатар тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, алдағы кездесулер кестесін қарастырды.