Оңтүстік Кореяда су тасқынынан көз жұмғандар саны 39-ға жетті

Azattyq Rýhy

Тағы бірнеше адам хабар-ошарсыз кетті

Оңтүстік Кореяда су тасқынынан көз жұмғандар саны 39-ға жетті
Фото: bbc.com

Оңтүстік Кореяда нөсер жаңбыр мен көшкін, су тасқыны және басқа да апаттар салдарынан бір апта ішінде кем дегенде 39 адам қаза тапты, 9 адам хабар-ошарсыз кетті. 34 адам жарақат алды, деп  хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап.

Мыңдаған адамдар қауіпті аймақтардан эвакуацияланды, кейбір аймақта 600 миллиметрден астам жауын-шашын болды.

Ұзындығы 685 метрлік туннельде 15 көлік қалып қойды, онда қанша адам бар екені белгісіз.

«Қатты жаңбыр Оңтүстік Кореяның көп бөлігінде су тасқыны, көшкін және электр қуатының үзілуіне әкеп соқты. Орталық Солтүстік Чунчхон провинциясындағы Чхонжу қаласының маңындағы Осона туннелі жақын маңдағы өзен жағасынан тасығаннан кейін су астында қалды, жүргізушілер мен жолаушылар туннельден шыға алмады. Сенбіде тоғыз адам құтқарылды, қалғандарының тағдыры әлі белгісіз», - делінген хабарламада.

Сенбіде Оңтүстік Кореяда шамамен 300 мм жауын-шашын болды. Көз жұмғандардың көпшілігі Солтүстік Кенсан таулы аймағында, онда көшкіндер бүкіл үйлерді қиратты. Мыңдаған адам эвакуацияланды.

Су тасқыны мен балшықтан зардап шеккен аудандардың аэрофотосуреттерінде шатырлардың төбесі ғана көрінеді.

Кейбір жүрдек пойыз маршруттарын қоспағанда, бүкіл ел бойынша теміржол байланысы тоқтатылды.

Жұма күні кешке Солтүстік Чунчхон провинциясындағы көшкінге байланысты пойыз рельстен шығып кетті. Бір жүргізуші жарақат алды, бірақ пойыздың ішінде ешкім болмаған.

«Елдің ұлттық теміржол операторы барлық баяу пойыздар мен кейбір жүрдек пойыздардың жұмысын тоқтата тұратынын жариялады, сонымен қатар басқа жоғары жылдамдықты тасымалдар уақытша тоқтатылатынын мәлімдеді», - делінген хабарламада.

Корея метеорологиялық басқармасы келесі сәрсенбіге дейін жауын-шашын жауатынын болжайды және ауа райының ауыр қаупі туралы ескертеді.

Бақытжан Баймахан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.