Алматыда биыл 177 мың адам диплом алды
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 40-қа жуық ірі кәсіпорын қатысты

Алматыда «Жастарға жұмыс» жобасы аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оны «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйымдастырған. Кәсіпкерлер мен бизес өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шараға 100-ден астам адам жұмыс іздеп келді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – жастар үшін бос жұмыс орындарының қолжетімділігін кеңейту, жұмыс берушілермен тікелей сөйлесуге, бос жұмыс орындары туралы білуге, жұмыс жағдайларын талқылауға сынды мүмкіндік беру.
Сонымен қатар, іс-шара барысында «AMANAТ» партиясының фракция мүшесі, Алматы қаласының мәслихат депутаттары қоғамдық қабылдау өткізді. Жәрмеңкеге Алматы қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы мен «Qazaq STROY», «Атрикс-Строй» «Sheber Partners», «Шин-лайн», «КазЛегПром» сынды қаламыздағы 40-қа жуық ірі кәсіпорын қатысты.
«Бүгінгі жәрмеңке «Жастарға жұмыс» жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Қаламызда биыл 177 мыңнан астам жас жоғарғы оқу орнын бітірді. Жастардың біраз бөлігі Алматы қаласында қалуды көздейді. Алайда алдағы негізгі мәселелер ол жұмысқа орналасу және баспана алу. Бүгінгі шарамыздың да негізгі мақсаты осы болды. Жәрмеңкеге жұмыс беруші компаниялармен қоса Халықты жұмыспен қамту орталығы қатысып отыр. Қала тұрғындары мен жастары жәрмеңкеге қызығушылықпен ат салысуда», – деді Алматы қалалық «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесов.
«Жастарға жұмыс» жобасын өткізу болашақта дәстүрге айналмақ.