Алматыда тағы 2 үй карантинге жабылды
Жергілікті билік бұған дейін қалада коронавирустың 11 ошағы бар екенін мәлімдеген болатын
Алматыда Гоголь мен Қонаев көшелерінің қиылысында орналасқан көпқабатты екі үй қоршауға алынды.
Атап айтқанда, Гоголь 75 және Қонаев 51 мекен-жайларында орналасқан тұрғын үй ғимараттары карантинге жабылған. Нысандарды Ұлттық гвардия сарбаздары мен полицейлер қоршауға алған.
Еске салайық, бұған дейін қалада «Сұңқар» тұрғын үй кешені карантинге жабылған болатын. Қала билігі аталған үйде коронавирус жұқтырған адамның анықталғанын хабарлаған еді. Артынша осы маңға жақын тағы үш қоршалды. Мұнда карантин 15 тәулікке созылады.
Еске салсақ, кеше кешке Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Алматыда коронавирустың 11 ошағы анықталғанын мәлімдеген болатын. Оның сөзін жергілікті БАҚ өкілдері жариялады. Жалпы, қалада 19 наурыздан бастап карантин енгізілген. 22 наурыздан кейін Алматыға ешкім кіріп-шыға алмайды.
ФОТО: Tengrinews.kz