596 млн теңге жымқырған: «Әскери құрылыс» АҚ басшысы мен оның туыстары күдікке ілінді

Azattyq Rýhy

11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды

596 млн теңге жымқырған: «Әскери құрылыс» АҚ басшысы мен оның туыстары күдікке ілінді
Коллаж: Azattyq Ruhy

«Әскери құрылыс» АҚ басшылығы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Әскери құрылыс» АҚ бұрынғы президенті Е. Тәжиденовтің және басқалардың басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

«11 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде туған ағасы мен жиені, сондай-ақ Тәжиденовтің қарамағындағы «Әскери құрылыс» ЖШС мен оның Астана қаласы бойынша филиалының қаржылық және корпоративтік қызметіне жауапты қарамағындағы адамдар бар», - деп атап өтті Антикор өкілдері.

Олар тауарлар мен қызметтерді сатып алуға, өтеусіз қаржылық көмек көрсетуге үлестес компаниялармен жалған шарттар жасасу арқылы аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенеді.

«Залалдың жалпы сомасы 596 млн теңгені құрайды. Оны өтеу мақсатында қылмыстық жолмен алынған мүлікке тыйым салынды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта айыпталушылар сотқа берілді.

«Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», - деп ескертеді ведомство өкілдері.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.