«Елінің тағдырына бей-жай қарамайтын адам»: Президент жауапты тұрғындар туралы
Тоқаев қаланы қоқыстан тазарту туралы айтты
Мемлекет басшысы Астананың цифрландыру бойынша беделді халықаралық ұйымдар рейтингінде алдыңғы орындардан көріне бастағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Intelligent Community Forum беделді халықаралық ұйымының мәліметі бойынша елорда әлемдегі ең интеллектуалды қоғамдастықтың бірі ретінде озық 21 шаһардың қатарына енді. Сонымен қатар қаламызда Орталық Азиядағы ең ірі Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі құрылды. Бұл технопарк тек еліміздің ғана емес, бүкіл аймақтың цифрлық трансформациясына елеулі үлес қосады», - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев экология саласына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Мен экология саласына әрдайым айрықша көңіл бөлемін. Аталған мәселеде азаматтардың экологиялық мәдениетінің қалыптасуы шешуші мәнге ие. Ірі қалалардағы көшелердің қоқыстан таза болуы тұрғындардың азаматтық сана-сезімі жоғары екенін анық көрсетеді. Жауапты қала тұрғыны дегеніміз – бұл, ең алдымен, өз қаласының және елінің тағдырына бей-жай қарамайтын адам», - деді ол.