«Ұстанымы бөлек, мүддесі кереғар елдер осындай бітімге келді»: Тоқаев бейбітшілік алаңы туралы

Azattyq Rýhy

Келешекте де Астана геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек

«Ұстанымы бөлек, мүддесі кереғар елдер осындай бітімге келді»: Тоқаев бейбітшілік алаңы туралы
Фото ашық дереккөзден

Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Астананың 25 жылдығына орай өтіп жатқан бауырлас қалалар форумында елорданың геосаяси аймақтағы рөлі туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін», - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев атағандай, бәсеке деңгейі жоғары және құбылмалы қазіргі әлемде қалалардың қарқынды әрі орнықты дамуы өте маңызды.

«Астаналар мен ірі мегополистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі. Олар мемлекеттердің өркендеуінде жетекші рөл атқарады. Инвестицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады. Адамдар және олардың шығармашылық қуаты, бірегей білімі, креативті идеясы мен отаншылдық рухы – ұлт жетістігінің негізгі факторы. Сондықтан қалаларды тиімді басқару және урбанистикадағы жаңа үрдістерді жүйелі зерделеу қажет. Бұл мәселе болашаққа ұмтылған әр мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие бола бастады», - деді Тоқаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.