$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Президент: Қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, реформамыздың мәні болмайды

Мемлекет басшысы жастарға үміт артатынын жеткізді

Президент: Қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, реформамыздың мәні болмайды
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Астананың 25 жылдығы бауырлас қалалардың мерейтойлық форумында Әділетті Қазақстан жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.    

«Елімізде Әділетті Қазақстан құру үшін ауқымды институционалдық өзгерістер жүзеге асырылып жатқаны баршаңызға мәлім. Маңызды саяси реформалар жүргізілді. Азаматтардың мемлекеттік, әсіресе, жергілікті жерде шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді.Еліміздегі қала тұрғындары енді өздері сыйлайтын әрі сенетін депутаттарды таңдау мүмкіндігіне ие болды. Бұл жауапкершілігі мол азамат қағидаттарын орнықтыруға елеулі үлес қосады. Адамдардың өз қаласындағы тұрмыс-тіршілікті жақсарту ісіне ықпал етуге мүмкіндік береді», - деді ол. 

«Алайда қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, барлық реформамыздың мәні болмайды. Бұған кәміл сенемін. Қазақстанның орнықты дамуы үшін дүниетаным парадигмалары түбегейлі өзгеріп, адамдардың мінез-құлық моделі жаңаруы қажет. Сондықтан мен жастарға, қалалар мен елорданың жас тұрғындарына үлкен үміт артамын.Астана – жас әрі мақсаты асқақ қала. Ұлан-байтақ еліміздің әр аймағынан келген азаматтарымыз қалада тұрақтап қалуға тырысады. Талай жастың елордада бағы ашылды, олар өмірден өз орнын тапты. Бүгінде Астана – мол мүмкіндіктер қаласы. Мұнда әрбір азамат өз әлеуетін пайдаланып, мансап жолында жетістікке жетіп, өзінің арман-мақсатын жүзеге асыра алады», - деді Мемлекет басшысы.

Президент атағандай, Астана – өзгерістердің қайнаған ортасы, түбегейлі жаңғырулардың асыл діңгегі.

«Бұл жерде жалпыұлттық бірегейлігіміздің жаңа қырлары мен ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Қуатты қалалар – ел экономикасын дамытудың қозғаушы күші. Сондықтан біз бұл мәселеге баса мән береміз. Осындай жиындар тәжірибе алмасып, өзара тиімді байланыстар орнатуға жол ашады. Астанаға арнайы келіп, форумның жұмысына атсалысқан қонақтарға тағы да ризашылығымды білдіремін. Сіздердің ой-пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Бұл басқосу достық қарым-қатынасты нығайтуға тың серпін берері сөзсіз. Қалаларымыз көркейе берсін! Баршаңызға бақ-береке, толағай табыс тілеймін! Астана күні құтты болсын!», - деп түйіндеді сөзін Тоқаев. 

Форум аясында қалаларды дамытудың өзекті мәселелері және олардың қазіргі жаһандық әлемдегі өсу мен инновацияның басты орталықтары ретіндегі рөлі талқыланады. Форумның іскерлік бағдарламасы аясында түрлі салалар бойынша 8 панельдік сессияның жұмысы жоспарланған. Форумға қатысушы елдер: АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Израиль, Түркия, Польша, Үндістан, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Жапония, Әзірбайжан, Оңтүстік Корея, Сербия, Бразилия, Морокко, Татарстан, Индонезия, Түрікменстан, Беларусь, Тәжікстан, Қытай. Бірқатар халықаралық келісімдерге қол қою жоспарлануда. Форумға 1 300-ге жуық қатысушы қатысып жатыр.    

Серіктес жаңалықтары