Франциядағы бүлік: қала мэрінің отбасына шабуыл жасалды
Елдің Ішкі істер министрлігі зорлық-зомбылық саны азайып келе жатқанын айтты
Францияда Л'Эль-ле-Роз қаласының мэріне өз үйінде шабуыл жасалды. Оқиға кезінде оның әйелі мен баласы зардап шекті. Аталған оқиғаға байланысты Франция мэрлері қауымдастығының басшысы қала тұрғындарын Париж маңындағы шағын коммуна басшысының отбасын қолдау үшін митингке шығуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Euronews хабарлауынша, қала мэрінің отбасына жексенбі күні түнде шабуыл жасалған. Бүлікшілер қақпаны бұзып, көлікке өрт қойып, оталдырып, шенеуніктің әйелі мен екі кішкентай баласы жатқан үйге жіберген. Оқиға салдарынан мэрдің әйелі мен бір баласы зардап шекті.
Бұл оқиға Франция басшылығының наразылығын тудырды, премьер-министр Элизабет Борн оқиға орнына жеке өзі барып, бұл іске кінәлілер қатаң жауап беретінін айтты. Көптеген француз саясаткерлері қатқыл мәлімдемелер жасады.
Айта кетсек, кеше түнде барлығы 700-ден астам тәртіпсіздік жасаған адам ұсталды. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда айтарлықтай аз көрсеткіш.
Францияның ішкі істер министрі Джеральд Дарманин құқық қорғау органдарының шешуші әрекеттерінің арқасында зорлық-зомбылық толқыны азайып келе жатқанын айтты. Ел бойынша 45 мыңнан астам полиция мен жандармерия қызметкерлері жұмылдырылды.