Қазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 36 адамға жетті

Тағы бір науқас Германиядан келген 

Қазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 36 адамға жетті

Алматыда тағы бір тұрғынның коронавирус жұқтырғаны анықталды.Ол жақында ғана Германиядан келген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлімдеді.

Оның айтуынша, 37 жастағы әйел адам Алматыға Франкфурт қаласынан (Германия) ұшып келген.

«1983 жылы туған азаматша Франкфурт – Алматы рейсімен 15 наурызда келген. Оны тексеру барысында коронавирус жұқтырғаны анықталды. Қазір ол карантинге жабылған. Ол Қазақстандағы вирус жұқтырған 36-шы адам», - деді Д.Ахметшәріп Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында.

Осылайша, COVID-19 жаңа коронавирусын Алматыда – 18 адам, Нұр-Сұлтанда да 18 адам жұқтырды. Олардың барлығы ем қабылдап жатыр.

Айта кетейік, елімізде коронавирустың өршуіне байланысты 16 наурыз күні төтенше жағдай жарияланса, 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин енгізіледі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.