ШұғылCOVID-19: 22 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр

Елбасы қоры коронавирусқа қарсы күреске 200 миллион теңге бөледі

Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев тапсырды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры елімізде коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы әрекет етуге 200 миллион теңге бөледі, деп хабарлайды elbasy.kz.

«Бүгінде Қазақстанда індетке қарсы барлық қажетті шаралар толық көлемде жүзеге асырылуда. Олар дер кезінде және қалыптасқан жағдайға жауап береді. Қабылданатын шаралар күшейтілді. Қауіпті инфекциямен күреске отандық бизнес де қолдау көрсетуде. Мен әлеуметтік жауапкершілік танытып және біздің қоғамның ұйымшылдығын көрсете отырып, осы бастаманы жан-жақты қолдауға шақырамын. Біз бұл сынақтан лайықты өтеміз. Біз біргеміз!»,- делінген Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тапсырмасында.

Бөлінген қаражат Нұр-сұлтан және Алматы қалаларының әкімдіктері арасында тең үлестіріледі.

«Қаржылық көмек пандемияға қарсы күреске тартылған медицина қызметкерлеріне сыйақы беруге, қосымша медициналық маскалар мен дезинфекциялық құралдарды сатып алуға жұмсалады. Сондай-ақ, ақшаның бір бөлігі балалар үйлері мен астананың мамандандырылған ауруханаларын азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталатын болады»,- деп жазады баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Қор басшылығы 50 мың медициналық масканы Нұр-сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына берді.