$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық ұланда командирлік даярлық жаңа деңгейге шықты

23 маусым - Полиция қызметкерлерінің күні

Ұлттық ұланда командирлік даярлық жаңа деңгейге шықты

Ұлттық ұланның әскери бөлім командирлері, олардың орынбасарларымен өтіп жатқан жиынның үшінші күнінде Қарағанды облысында орналасқан «Қарабас» оқу орталығында «Ұлттық ұлан базасындағы түрлі қару түрлерінен оқ ату жаттығуларын орындау» атты атыс дайындығы бойынша практикалық сабақтар өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Атыс алаңында офицерлер әртүрлі позицияда қару-жарақтан белгілі бір нысандарға оқ жаудырды. Сонымен қатар, командирлер жоғары жарылғыш снарядтарды атудың дәлдігі мен жылдамдығын пысықтады.

Атап айтқанда, командирлер мен олардың орынбасарлары қарудың әртүрлі түрлерін: тапаншаларды, автоматтарды, тегіс ұңғылы мылтықтарды, граната атқыштар мен пулеметтерді күндіз-түні қозғалмайтын, пайда болатын және қозғалатын нысандарға ату дағдыларын көрсетті.

Сондай-ақ, жаудың нысанасына еліктейтін макеттер бойынша ату жаттығуы ұйымдастырылды: ұшыру қондырғысы, атыс позициясындағы батарея, радиолокациялық станция, командалық пункт, тірі күш, броньды машиналар, танкке қарсы құралдар, қорғаныс құрылыстары және т.б. Сонымен қоса, жараланған жауынгерлерге алғашқы медициналық жәрдем беру көрсетпелі сабақ өткізді.

Бұл маңызды, оқу-жаттығу жиындарының қауіпсіз әрі жоспарға сай өтуін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов өзі бақылауда.

Алғашқы болып Бас қолбасшымен оның орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов оқу-жаттығу барысында әртүрлі позицияда қару-жарақтан оқ атып, арнайы жасақ жауынгерлерімен бірге күрделі жаттығу орындап, қол граната лақтырды.

«Бүгін Ұлттық ұлан әскерлерінің командалық құрамымен жедел жиындардың үшінші күні өтті. Кеше біз Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Спасск» полигонында топтық және ұжымдық қарудан атыс жүргіздік. Бүгін біз ресейлік және батыстық өндірістегі қару-жарақтан оқ атып жатырмыз. Қазіргі таңда «Урал» және «Тигр» автокөлігінен атыс жүргізілуде. Бұл сабақтардың мақсаты – әскеріміздің командалық құрамын атыс дайындығының тактикасы бойынша жетілдіру. Өйткені командирлер әрқашан және барлық нәрседе үлгілі болуы керек. Олар біздің Қарулы Күштеріміздің барлық қару-жарақтарын жеке өзі ата білуге міндетті. Генералдар мен офицерлер әртүрлі қарулардан, соның ішінде Ұлттық ұлан штатында бар жауынгерлік техникадан ату кезінде тамаша дағдыларға ие екенін атап өткім келеді», - деді Бас қолбасшының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов.

Осындай іс-қимылдар барысында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Әмриев те өз мергендігін танытты. Ол жер жастанған қалпы құм мен тастың арасынан әртүрлі позицияда Калашников автоматынан оқ ату жаттығуларын орындады.

«Мұндай жаттығуды орындау үшін физикалық дайындық керек. Әсіресе, таулы жерлерде қару-жарақ қолданатын жауынгерлерге таптырмас жаттығу екен. 38 жылдан бері әскери салада жүрген мен үшін оң қолмен де сол қолмен де ату аса қиындық тудыра қойған жоқ. Сондықтан офицерлерге күнделікті машықтанған артық болмайды. Осы ретте бүгінгідей оқу-ату жаттығуларының пайдасы көп»,- деді генерал-майор Талапкер Әмриев.

Сондай-ақ командирлер аттестация аясында Макаров тапаншасынан оқ атып, сынақ тапсырды. Оқ жауып тұрған сәтте қол гранаталарын ғимараттың қасбетіне дәл лақтыру бойынша сынға түсті. Бұдан бөлек қарсы қарауылдан Калашников автоматы және Макаров тапанша қаруын қолдану арқылы атыс жүргізді.

Түстен кейін үш топқа бөлінген басшылық құрам Долинка кентіндегі 6505 әскери бөліміне арнайы барды. Бұл жерде олар әскери бөлімді басқару және жауынгерлік қызметті үйлестіру мәселелері төңірегінде практикалық сабақтарды көрсетті.

Сондай-ақ, командирлер бастаған қатысушылар мәдени демалыс бағдарламасы бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «КарЛаг» музейіне экскурсия жасады. Мұнда олар қуғын-сүргінге ұшыраған зиялылардың әйелдері жайлы деректермен танысты. Тауқыметті тағдыр иелерінің өмірінен сыр шертетін жәдігерлерді тамашалады.

Айта кетейік, осы күні командирлер құрамы түнгі ату жаттығуларын да орындады.

Серіктес жаңалықтары