«Ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз»: Егізбаев қант бойынша жағдай өте күрделі екенін айтты

Аягөз Құрмаш

Ол фермерлерге субсидия беруді қайта қарауды ұсынды

«Ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз»: Егізбаев қант бойынша жағдай өте күрделі екенін айтты
Фото ашық дереккөзден

Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында қант мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қант бойынша жағдай өте күрделі. Республика дайын өнімнен де, шикізаттан да импортқа толықтай дерлік тәуелді. Отандық өндіріс үлесі 10%-ға төмен. Үкімет 2022 жылы жалпы бюджеті 495 млрд теңге болатын қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Өткен жылы 3,6 млрд теңге көлемінде субсидия игерілді, биыл 14,1 млрд теңге бөлінді. Алайда осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, даму үрдісі теріс динамиканы көрсетіп отыр. Мысалға, егер 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9 % қамтамасыз етілген болса, ол 2021 жылы – 7 %, ал 2022 жылы - 6 % дейін төмендеді», - деді ол.

Егізбаев Үкіметке мәселені шешудің балама жолдарын ұсынды.

«Парадокс: ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз. Осы орайда, Үкіметке аталған мәселені шешудің балама жолдарын қарастыруды ұсынамыз. Саланың шешімін таппай отырған мәселелерінің бірі - қаржы институттарының несиелерін кепілмен қамтамасыз ету. Мысал ретінде айтатын болсақ, АКК-дан төртінші буындағы 1 гектар жылыжай кешенін салу үшін «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 1 млрд. теңге несие алу үшін тағы да 1 млрд теңге кепіл ұсыну қажет. Фермерлердің жұмыс істегісі келгенімен, қаржыгерлер цифрларды «ойнатып», олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей отыр», - деді ол.

Серік Егізбаев атағандай, фермерлерге беретін субсиядияны қайта қарау қажет.

«АШМ басты міндеттерінің бірі субсидиялау арқылы АӨК дамуын реттеу болып табылады, бірақ мұнда да барлығы ойдағыдай емес. Фермерлерге несие беру шарттарын, оның ішінде кепілмен қамтамасыз ету талаптарын түбегейлі қайта қарау қажет. «Ойын ережесі» үнемі өзгереді. Қазіргі басшылық құрамның 2021 жылғы қыркүйектен бүгінгі күнге дейінгі қызметі аралығында ғана субсидия беруге қатысты бұйрықтар 20 көп рет өзгертілген», - деді ол.  

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.