Алматы агломерациясындағы жердің нысаналы мақсатын ауыстыруға мораторий енгізу ұсынылды

Аягөз Құрмаш

Депутат осы уақытқа дейін мұндай мыңдаған қаулы қабылданғанын айтты

Алматы агломерациясындағы жердің нысаналы мақсатын ауыстыруға мораторий енгізу ұсынылды
Фото ашық дереккөзден

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Бақытжан Базарбек Ауыл шаруашылығы министріне жерге қатысты екі сұрақ қойды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Сіз сөзіңізді импорт алмастыру, алмадан бастадыңыз. Алматы қаласы алма өңірі болып саналады. Өкінішке қарай, бүгінде Алматыдағы «Горный гигант» деген жерінде 3 гектар алма бағы оталып жатыр. 15 жылда Виктор Храпунов, Иманғали Тасмағамбетов, Ахметжан Есімов, Бауыржан Байбек және Бақытжан Сағынтаевтың заңсыз қаулылары салдарынан біз 70% алма бағынан айырылдық. Ең сорақысы – инспекторлар тексеріс жасағанда, оларға ескі жүйе кезінен қалған Назарбаевтың әулеті мен оның олигархтары қысым жасайды. Соның салдарынан (Алматыдағы) алма бақтарын қайта алмай жатырмыз. Бұл да осы тақырыпқа тікелей байланысты. Біріншіден, осы уақытқа дейін қанша алма бағын мемлекет меншігіне қайтардыңыздар? Біз, «Жер аманаты» комиссиясы жұмыс істеп, Бақытжан Сағынтаевтың (Алматы қаласының экс-әкімі – автор) бір заңсыз қаулысын бұздық. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін мұндай мыңдаған қаулы қабылданған. Қайтаруға байланысты қандай шаралар қолданылып жатыр?», - деді ол.

Сондай-ақ Бақытжан Базарбек Алматы агломерациясының мәселесін көтерді.

«Екіншіден, Алматы агломерациясын білесіздер. Қарасай, Іле және Талғар аудандарында заңсыз ауыл шаруашылығы алқабы құрылыс салуға беріліп жатыр. Соның салдарынан суармалы ауыл шаруашылығы алқабынан айырылып жатырмыз. Барлық ауыл шаруашылығы алқабында тұрғын үй құрылысы көп салынуда. Бұл Қарасай және Талғар ауданында болып отыр. Енді (құрылысты) тоқтату үшін Жер кодексінің 97-бабына, 102-бабына өзгерістер енгіздік. Бірақ (құрылысты) тоқтата алмай жатырмыз. Менің ұсынысым, жалпы Алматы агломерациясындағы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлердің нысаналы мақсатын ауыстыруға мораторий енгізсек, қалай қарайсыз? АШМ тарапынан бұл мәселеге қатысты қандай шара қолданылады?», - деді депутат.

Бұл сұрақтарға Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жауап берді.

«Алдымен жер қайтару мәселесіне тоқталайын. Былтыр 5,2 млн гектар жерді (мемлекетке) қайтардық. Биыл 1,3 млн гектар жерді қайтарып жатырмыз. Қазір оның ішінде қанша алма бағы бар екенін нақты айта алмаймын. Оның ішінде алма бағы бар екеніне күмәнім жоқ. Бұл сұраққа сізге жазбаша жауап берейін. Екіншіден, суармалы ауыл шаруашылығы жерлерінің басқа санатқа аудару мәселесін Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстары жөніндегі комитеті бұл бағытта жұмыстар атқарып жатыр. Негізі, жерді басқа санатқа ауыстыру мәселесі тек бас жоспарға кірсе, біз қолдаймыз. Ол бас жоспарға кіріп, мақұлдану процесінен өтсе, әрине, оны қолдаймыз», - деді ол.

Қарашөкеев мораторийге қатысты пікір айтты.

«Сіздің мораторий жариялау туралы ұсынысыңызға тоқталайын. Бүгінде еліміздің экономикасы да өзгеріп жатыр. Ауылдар мен қалаларда да өзгеріс бар. Мораторий жариялау туралы ұсынысты егжей-тегжейлі ақылдасып, содан кейін ғана шешім қабылдайық. Оның кері әсері де болуы мүмкін. Әрине, біз, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан суармалы жерлердің алқабын ұлғайтамыз деп жатырмыз. Сондықтан мейлінше осы санаттағы жерлерді сақтап қалу мәселесін қолдаймыз. Бұл мәселені қосымша ақылдасайық», - деді министр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.