«Пәкістаннан 120 мың тонна картоп жеткізілді»: депутат елде өндірілетін өнімді сырттан әкелуді сынады
Серік Егізбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты статистикада асыра сілтеушілік бар екенін айтты
Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев Мәжілісте өткен Үкімет сағатында көкөністің шетелден енгізілуіне қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Статистикалық деректер саладағы нақты ахуалды, істің мән-жайын көрсетпейді. Мысалға, деректер бойынша картоп жеткілікті мөлшерде өндіріледі, бірақ осыған қарамастан, оны сырттан әкелеміз, яғни импорттаймыз. Биылғы наурыз-маусым аралығында Пәкістаннан 120 мың тонна картоп әкелінді», - деді ол.
Егізбаев атағандай, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты статистикада асыра сілтеушілік бар.
«Мұндай жағдайға әкімдіктер қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижесінде олардың арасында көп жылдан бері қалыптасқан өзара жасырын бәсекелестік ықпал етіп отыр. Жергілікті атқарушы органдардың қызметіне осылай баға беруден бас тартып, жұмыс тиімділігін бағалаудың басқа әдістеріне көшкен дұрыс болар. Үкіметке статистикалық деректердің анықтығын қамтамасыз ету үшін мәліметтерді жинау мен есепке алу жолдарын қайта қарау қажет деп есептейміз», - деді Серік Егізбаев.
Ол атағандай, республика көкөніс дақылдарының тұқымдары бойынша 95 %, ал жеміс көшеттері бойынша 80% импортқа тәуелді.
«Импорттаушы елдер географисы – еуропалық елдер, Австралия, Жаңа Зеландия, Ресей, Үндістан, Иран, Түркия, Өзбекістан, Кырғызстан және тіпті Украина, ол бүкіл қиындықтарға қарамастан, ауыл шаруашылығын барлық бағыттар бойынша барынша серпінді дамытып отыр», - деді ол.