Төреғали Төреәлінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Әнші қазіргі уақытта әкімшілік қамауға алындарға арналған ұстау изоляторында отыр

Әнші Төреғали Төреәлінің үстінен билік өкілдерін қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, жақында есірткілік масаң күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталып, МАӘС шешімімен 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған А.есімді азамат Алматы қаласы ПД-нің әкімшілік қамауға алынғандарға арналған ұстау изоляторында отыр.
«Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, оны әкімшілік қамауға алудан босатуға көрсеткіш жоқ. Сонымен қатар, А.есімді азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 378-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша да қылмыстық іс тіркелгенін хабарлаймыз. Аталған қылмыстық іс бойынша өндірісті Алматы қаласы ПД анықтау Басқармасы жүргізіп жатыр», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Төреғали Төреәлі 14 маусым күні есірткілік масаң күйде көлік жүргізгені үшін ұсталып, 20 тәулікке қамалған болатын.