Ақсу қаласының тұрғындары да қыста жылусыз қалуы мүмкін – депутат
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Энергетика министріне депутаттық сауал жолдады

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Палатаның жалпы отырысында Энергетика министріне былтырғы жылы Екібастұз қаласында орын алған апатты жағдайға қатысты депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, бүгінде апаттың салдарымен күресіп, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Бүгінгі бізді толғандырып отырған мәселе, Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының жылу мәселесі. Атап айтар болсақ, 73 мыңдай халық тұратын шаһар бүгінде Ақсу ферроқортпа зауытының қазандығы арқылы жылытылып келеді. Оның да қазандықтарының тозығы жетіп тұрғандығы жасырын емес. Оған қаланың ескірген ішкі жылу жүйесін қосыңыз. Алда-жалда апат орын ала қалса, Екібастұздың күйіне түсуі мүмкін екендігін ескертеміз», - делінген депутаттық сауалда.
Депутат өзінің сауалында Ақсу қаласында созбалаңға салынып келе жатқан жылу қазандығының мәселесін көтерді.
«2016 жылдан қолға алынып, 2017 жылдың қалаға жеке қазандық салу жұмысы басталған. «Ақсу қаласының құрылыс бөлімінің» тапсырысы бойынша 10 млрд 698 млн теңге бөлініп құрылыс жұмыстары басталған. Алайда қаржы жекіліксіз деп танылып, осы уақытқа дейін жалпы алғанда 12 млрд-қа жуық қаражат жұмсалды. Бірақ, салынып бітіп, іске қосылған қазандық жоқ! Қала шетіне бой көтерген нысан мердігерден-мердігердің, суб мердігердің қолына өткен түсініксіз нысан болып әлі тұр», - деді Жарқынбек Амантайұлы.
Мәжілісмен ел бюджетінен миллиардтаған қаражат жұмсалған құрылыс үшін кім жауап беретінін сұрады.
«Сондықтан ертең қыстың көзі қырауда Ақсу қаласының тұрғындары да жылусыз қалуы мүмкін деген қауіппен дабыл қағып отырмыз. Әрі арнайы шаралар қабылданып, мәселе шұғыл шешімін табуы керек. Ендігі кезекте мәселені түбегейлі шешу үшін Министрлік жанынан шұғыл түрде арнайы комиссия құрылуы қажет. Шаһардың жылу жүйесіндегі мәселелер жедел сарапталып, оның түпкілікті шешілу жолы айқындаулы керек деген ойдамыз», - деді депутат.