Алматы облысында пайдаланылмаған 400 мың гектар жер анықталған
Өңірде 157 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған
Алматы облысында пайдаланылмаған жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасады. Қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері шаруаларға, мал өсірумен айналысатын қожалықтарға беріледі. Жалпы АӨК қолдауға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
Алматы облысы аграрлық-индустриалды аймақ болғандықтан, өңдеуші секторға, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге басымдық беріледі. Бұл туралы баспасөз жиынында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлім етті.
«Алматы облысы еліміз бойынша құс басының саны мен құс етін өндіруден көш бастап тұр. Қой мен ешкі саны жөнінен және жүгері, көкөніс, жеміс-жидек дақылдары мен картоп өсіруден республикада алғашқы үштікке кіреді. Ал балық шаруашылығы тауарлы балық өндірісінің көлемін ұлғайтуға және импортты алмастыру үшін дайын өнім шығаруға бағытталып отыр. Өткен жылы 5 мың тоннаға жуық балық өндірілді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 17 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр», - деді облыс әкімі.
Өңір басшысының сөзінше, биыл агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға 34 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемінің көрсеткіші 736,5 млрд болса, осы жылы оның көлемін 2,6% өсіммен 840 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
«Алматы облысының асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту» бірегей өңірлік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылуда. Оған жергілікті бюджеттен 6 млрд теңге қаржы бөлініп, 820 бас асыл тұқымды ірі қара және 4 мыңнан астам асыл тұқымды ұсақ мал сатып алынған. Осылайша, 2027 жылға қарай ірі қара асыл тұқымды мал басының үлесін 19,5%-дан 25%-ға дейін, ұсақ мал басын 16,7%-дан 20%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Осы аталған шаралардың барлығы облыс халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мегаполистің айналасында азық-түлік белдеуін құруға бағытталған», - деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұдан бөлек, өңірде 157 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Облыс көлемінде суару желілерін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде 57 мың гектарға жуық суармалы жер қалпына келтіріліпті.