Семейдегі орман өрті: Қарағанды мен Алматы облыстарынан әскери бөлім қызметкерлері жолға шықты
Қазіргі уақытта 3 учаскедегі өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда

Төтенше жағдай министрі Юрий Ильиннің өкіміне сәйкес бүгін таңғы сағат 4-те өрт орнына Қарағанды мен Алматы облыстарынан 52859 және 28237 әскери бөлімдерінің қызметкерлері аттанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ телеграм-арнасына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Абай облысында 3 учаскеде: Поднебесное, Успенка ауылдарында, Каштак орманшылығында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Аэровизуалды тексеру жүргізілу үстінде. Сонымен қатар, өрт орнына арнайы байланыс құралдарымен жарақтандырылған жылжымалы басқару пункті қосымша жіберілді. Басқару органы ол жерден төтенше жағдай аймағындағы өз функцияларын атқара береді.
Еске сала кетейік, «Семей орманы» резерватындағы өрт 8 маусым күні басталған болатын.
Кейінірек Семей орманындағы өртті сөндіруге жұмылдырылған 3 маманның қаза тапқаны белгілі болды.
Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге Абай облысындағы оқиға орнына жедел барып, өрт сөндіру жұмыстарын басқару міндетін жүктеді. Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына бүкіл көмекті көрсетуді тапсырды.