Астанада Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту мәселелері талқыланды
Мемлекеттік органдарға жұмыс берушілерді тарта отырып, «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын пысықтау бойынша тапсырмалар берілді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов «Astana polytechnic» жоғары колледжі алаңында Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі жобалық кеңсенің Басқарушы комитетінің отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, орталық мемлекеттік органдар өкілдері, оқу орындарының басшылары қатысты.
Отырысқа қатысушылар алдында сөз сөйлеген Алтай Көлгінов оқыту және біліктілікті арттыру мәселелері заманауи экономика мен адами капиталды дамыту үшін өзекті екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта еңбек нарығында бірқатар проблема бар. Біріншісі – кадр сапасының төмендігі. Екіншісі – білікті мамандарды жұмысқа алғысы келетін жұмыс берушілер өз қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеруге мүдделі болмай отыр. Үшіншісі – оқу орындары түлектерінің білім деңгейінің төмендігі. Бұл мәселелер жақын арада ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді. Сондықтан, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жұмыс берушілердің қатысуымен білім беру жүйесін қайта форматтау қажет», — деді вице-премьер.
Кеңес барысында еңбек нарығындағы ахуал және оның алдында тұрған негізгі сын-тегеуріндер талқыланды: жұмыс орындарын құру қарқынының төмендеуі, оның жартысы мемлекеттің үстемдігі бар, өнімділігі төмен секторларға тиесілі, еңбек нарығы жыл сайын 300-400 мың жасқа өседі және қазіргі өңірлік теңгерімсіздіктер, ересек тұрғындардың үздіксіз білім алуға тартылуының төмендігі. Мұның бәрі жұмыссыздық пен кедейліктің өсуіне, кадрлардың кетуіне және адами капитал әлеуетінің төмендеуіне әкеледі.
Еңбек нарығы мен кадрларды даярлау жүйесінің өзара байланысын нығайтуға бағытталған Ұлттық біліктілік жүйесі проблемалардың шешімі бола алады. Мемлекет кадрлар тапшылығы бойынша көрсеткішті анықтайды, жұмыс берушілер өздеріне қажет мамандардың біліктілік, білім, дағдылар деңгейін белгілейді.
Нәтижесінде жұмыс беруші тұтынушыдан кадрларды даярлау жүйесінің бас тапсырыс берушісіне айналады, білім беру ұйымдары құзыреттілік орталықтарына, сертификаттау орталықтары азаматтардың біліктілігін бағалау орталықтарына, ал мемлекет еңбек нарығы мен білім берудің жүйелі өзара іс-қимылының үйлестірушісіне айналады.
Отырысты қорытындылай келе, Алтай Көлгінов депутаттардан «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын қолдауды сұрады, оны қабылдау Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі нормаларды заңнамалық тұрғыдан бекітуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдарға жұмыс берушілерді тарта отырып, кәсіптік стандарттар мен білім беру бағдарламаларын уақытылы әзірлеуді және өзектендіруді қамтамасыз ету, кәсіптік біліктілік бойынша заңнаманы жетілдіруді пысықтау бойынша тапсырмалар берілді.