Қазақстанда коронавирус жұқтырған тоғызыншы адам тіркелді
2008 жылы туған қыз Алматыға Германиядан келген
Қазақстанда тағы бір адамнан коронавирус анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп хабарлады.
«Жаңа 1 жағдай Алматы қаласында анықталды. 2008 жылы туған қыз Алматыға Германиядан келген. Барлығы Қазақстанда 9 жағдай, Алматы қаласында - 7, Нұр-Сұлтан қаласында 2 адам. Стационарлық карантинде 1 644 адам, үй карантинінде 628 адам жатыр», - деді ол.
Оның айтуынша, ҚХР-дан және шекаралас мемлекеттерден келген азаматтарға мониторинг жалғасуда.
«Барлық санаттар бойынша мониторингке 2 мың 537 адам алынды, оның ішінде 1 «а» санаты бойынша – 1 мың 626, 1 «б» санаты бойынша – 564, 2 санаты бойынша – 347 адам. Мониторингке алынған 2 мың 537 адамның 480 бақылау тоқтатылды. 15 наурыздағы жағдай бойынша барлығы 2 мың 057 адамға мониторинг жүргізуде», - деп жазылған хабарламада.
Қазіргі уақытта дене қызуымен және ЖРВИ белгілерімен 125 адам ауруханаға жатқызылды. Олардың ішінде 60 адам стационарда қалады.