Биыл Қазақстанда 3 мыңға жуық адам жұмыстан қысқарды
Ең көп қысқартулар Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген

Қазақстанда 2019 жылдың басынан 2,7 мыңға жуық қызметкер қысқарған. Жыл соңына дейін тағы 600-ден астам адам қысқартуға ұшырауы мүмкін, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі LS ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 қаңтардан 11 қазанға дейін 260 кәсіпорнында жұмыс істейтін 2679 қызметкер қысқарған. Ал, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 290 кәсіпорында 3483 адам жұмыстан кеткен болатын.
Ағымдағы жылы ең көп қызметкер қысқарған Нұр-Сұлтан қаласы – 1398 адам, Алматыда – 334, Павлодар облысында – 297 және Шымкентте – 271 адам.
«2019 жылы экономика салалары бойынша жұмысшылардың барынша қысқаруы көтерме және бөлшек саудада (393 адам), Ақпарат және байланыс саласында (193 адам) және құрылыста (138 адам) жүргізілді», - деп толықтырды ведомство өкілдері.
Сондай-ақ, Еңбек министрлігі 2019 жылдың соңына дейін тағы 600-ден астам адамның жұмыстан босатылуы күтіліп отырғанын айтты.
Қысқартулардың негізгі себептері - кәсіпорындардың ауыр экономикалық жағдайы, дайын өнімді өткізу нарығының болмауы, жұмыс көлемінің қысқаруы, өндірісті автоматтандыру және т.б. болып табылады.