Маңғыстау облысында әкімдік қызметкері пара ретінде кондиционер алған
Параны ол өз қоластындағы қызметкерінен алған деп айыпталуда
Маңғыстау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары парамен ұсталды деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі Маңғыстау облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда басқарма басшысы орынбасарының үстінен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері жөніндегі комиссияның төрайымы бола отырып, аталған мекеменің бөлім басшысынан жұмыс бойынша көрсеткен көмегі үшін кондиционер түрінде пара алды деген күдікке ілінді.
«Осыған дейін хабарланғандай, аталған мекеменің шетелдік жұмыс күшін тарту мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысына қатысты облыс аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдік азаматтарға жұмыс визаларын кедергісіз бергені және ұзартқаны үшін бірнеше рет шетелдік компаниялардың өкілдерінен 500-ден 1000 АҚШ долларына дейінгі мөлшерде пара алды деген күдік бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», - делінген аталған хабарламада.
Күдіктіге қатысты түпкілікті шешімді оның кінәсінің деңгейін анықтау арқылы сот қабылдайтын болады.