Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 6 адамға жетті
Жаңа екі жағдайдың біреуі Алматы, біреуі Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді
Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы екі адам анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Дәл қазір белгілі болғандай, Алматы қаласында коронавирус індетін жұқтырған тағы бір азамат анықталды. 1958 жылы туған ер адам жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ол Алматыға Мәскеуден 10 наурыз күні ұшып келген. Қазіргі таңда ол стационарда карантинде ем қабылдап жатыр», - деді Диас Ахметшәріп.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласынан да тағы бір науқас тіркелген.
«Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус анықталған әйел адам бізге Варшавадан (Польша) келген», - деді ол.
Осылайша коронавирус жұқтырғандар саны 6 адамға жетті. Олардың төртеуі Алматы қаласында, екеуі - Нұр-Сұлтанда. Сонымен қатар Қазақстанда 1090 адам стационарда, 452 адам үй карантинінде жатыр.