Астанада монополист компанияға 1 млрд теңге айыппұл салынды
Сот актісі заңды күшіне енді
«Қазақстан – отын-энергетикалық кешен» Сауда үйі» ЖШС-не ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бас көлік прокуратурасы хабарлағандай, кәсіпорын теміржол шекараларында сұйық жүктерді қабылдау, сақтау және босату бойынша қызметтер көрсетуге монополиялық артықшылықты пайдаланып, 2 жыл ішінде негізсіз «үстеме пайда» алып келген.
«Соның нәтижесінде, 15 наурызда ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни нарық субъектісінің монополиялық жоғары бағаларды белгілеу және ұстап тұру арқылы өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдаланғаны үшін ірі кәсіпкерлік субъектісіне қатысты әкімшілік іс қозғалды», - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Жиналған материал 20 сәуірде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды, оның нәтижелері бойынша монополист әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
«Сот оны 1 094 593 950 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді және 579 826 102 теңге сомасында заңсыз алынған монополиялық табысты тәркіледі», - делінген Бас көлік прокуратурасының хабарламасында.
Сот актісі заңды күшіне енді.