Қарағандының 7 жылу электр орталығын ауқымды жөндеуден өткізу керек
Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев хабарлады
Биыл жылу маусымы апатсыз өту үшін Қарағанды облысы бойынша жеті жылу электр орталығын ауқымды жөндеуден өткізу керек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Сонымен қатар, 45 қазандық пен 29 турбинаны жөндеу жоспарланған. Аймақ бойынша жылумен жабдықтайтын 88 шақырым желі мен 1937 шақырым электр желілері ауыстырылады», - деді әкім.
Қарағанды облысына бес ай бұрын басшылыққа келген Ермағанбет Бөлекпаев былтыр Теміртау халқы үшін қыс қиын болғанын еске алды.
«Өткен жыл Теміртау тұрғындары үшін өте қиын болды. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарайтын екінші жылу электр орталығының жұмысына шағым көп түседі. Биыл Теміртау қаласы бойныша 29 шақырым жылу желісін жөндеу көзделіп отыр», - деп хабарлады әкім.