«Жығылғанға жұдырық»: Саиров шаруаларға субсидия беру мәселесін көтерді
Оның айтуынша, аумалы-төкпелі заманда Қазақстанның аграрлық секторы өте күрделі жағдайға тап болды
Мәжілістің жалпы отырысында Ерлан Саиров АШМ ұсынған субсидиялау тетігін сынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өңірлерде 2022 жылы тауарлық субсидиялардың 50 пайызы ғана төленген, инвестициялық субсидиялар 30-40 пайыз төленді, алынған қарыздар бойынша екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бойынша да осындай жағдай орын алды. Биыл бөлінген тауарлық субсидиялар өткен жылғы борышты өтеуге жұмсалып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған, инвестициялық субсидиялар және екінші деңгейдегі банктердің пайыздық мөлшерлемесін өтеуге арналған жаңа gosagro.kz платформасы толық жұмыс істемейді, мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланбаған, субсидиялар алуға өтінімдерді қабылдауға қабілетсіз», - деді ол.
Депутат атағандай, өтелмеген қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені өтеу үшін субсидиялар алу мүмкіндігінің болмауы кәсіпкерлерді субсидиялау қағидатына сәйкес 6%-дың орнына банктерге кредиттің толық мөлшерлемесін 17-20 пайыз төлеуге мәжбүр етеді.
«Бұл онсыз да титықтап отырған шаруашылықтарға «жығылған үстіне жұдырық» болып табылады. Биыл астықты форвардтық сатып алуға бөлінген қаражаттың бұрын-соңды болмаған қысқаруы орын алды. Мәселен, Ақмола облысы бойынша 12 млрд теңгеге қажеттілік бола тұра, форвардтық сатып алуға тек 4 млрд теңге бөлінді, бұл көптеген шаруаларды айналым қаражатынан шектейді. Қазақстандағы астық қоры 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша өткен жылғы деңгейден бір жарым есе көп болған, майлы дақылдар қоры 22 %-ға өскен. Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өсірілген егіннің едәуір бөлігін сата алмады деген сөз, яғни осы жылы егіс жұмыстарын жүргізуге жеткілікті қаражат жоқ», - деді ол.
Ол «AMANAT» партиясы Фракциясы отандық аграрлық секторды қолдау үшін келесі шұғыл шараларды қабылдау қажет деп санайды:
- 2022 жылға арналған субсидиялар барлық түрі бойынша барлық борыштарды қысқа мерзім ішінде төлеу. 2023 жылы ағымдағы субсидияларға өтінім беру жүйелерінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
- Биыл субсидиялар төлеу үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлуді көздеу;
- Форвардтық сатып алу сомасын өткен жылғы көрсеткіштерге дейін ұлғайту;
- Ішкі нарықтағы жүктемені жеңілдету үшін Тұрақтандыру қорына кемінде 1 млн тонна көлеміндегі бидайды интервенциялық сатып алуы қажет;
- Күнбағыс тұқымына экспорттық баж салығын алып тастау, бұл жыл сайын шілде-тамыз айларына келетін шикізат өңдеудің бәсеңдеуі кезеңінде нарықты қолдауға мүмкіндік береді.