$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.03.2020, 00:18
Жаңалықтар

Петропавлда оқып жүрген 182 үнді студенті еліне қайтарылады

 

Коронавирусқа байланысты олар қашықтықтан оқыту жүйесіне  ауысады 

Петропавлда оқып жүрген 182 үнді студенті еліне қайтарылады

Елімізде коронавирустың таралуына байланысты М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алып жүрген 182 үнді студенті туған жеріне  қайтарылады. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте оқу орнының ректорының м.а. Ербол Исақаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде іштей және сырттай бөлімде 5 мыңнан астам студент білім алып жүр. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, ЖОО қашықтықтан оқыту жүйесіне  ауыспақ. Білім ордасында 14 шет мемлекеттен келген студенттер оқып жүр.

«Қашықтықтан оқыту жүйесіне ауысу мақсатында екі апта бойы дайындық шаралары жүргізілді. Барлық оқу материалдары электрондық жүйеге енгізілді. Үндістаннан келген студенттерді еліне қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз. Олар білім алуды қашықтықтан жалғастырады. Арнайы квота арқылы Монғолия, Қытай сынды елдерден келген қазақ балалары туыстарының үйіне жіберілді. Ағайыны жоқтар жатақханада тұрады. Қажетті интернетпен қамтылады. Барлық жағдай жасалған. Ешқандай мәселе туындамайды», - дейді М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының м.а Ербол Исақаев.

Ал  баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының жетекшісі Гүлмира Кәрімова 16 наурыздан мектеп оқушылары мерзімінен бұрын каникулға шыққанымен спорт секциялары мен үйірмелер жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді. Балабақшалар да қалыпты жүйе бойынша жұмыс істейді.

«Ата-аналар балаларын мектепке дейінгі мекемеге жіберуге бас тартқан жағайда, орын сақталады және аталған мерзімге ақы төленбейді. Балалар әр таң сайын фильтрден өтеді», - деді Гүлмира Кәрімова.

Брифингте Петропавл қаласындағы дәріханалардың ешқайсысында медициналық бетперде сатылмайтындығы жөнінде де айтылды. Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі облыста екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры барын айтып, халықты сабырға шақырды.

«Келесі аптада 24 мың маска түседі. ДДСҰ-ның ұсынысы бойынша медициналық бетпердені сырқаттар және оларға қарайтын адамдар киюі шарт. Тиісті дайындық шаралары жүріп жатыр. Облыс орталығындағы жұқпалы аурулар ауруханасында 300-ге тарта арнайы орын жарақталды», - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары