БҚО-да жоғалып кеткен бала бір тәуліктен соң ағаш арасынан табылды
Оның бұрын да үйінен қашып кеткені анықталды

БҚО-да жоғалып кеткен бала бір тәуліктен соң табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметімәлім еткендей, мектептен кейін үйіне оралмаған 11 жасар баланы іздеуге 200 полицей жұмылдырылды.
Айта кетерлігі, бұл жасөспірімнің отбасынан алғашқы кетуі емес, ол осы жылдың қаңтарында да қашып кеткен.
«Облыстық полиция департаментінде 2012 жылы туған кәмелетке толмаған Т. есімді баланың жоғалғаны туралы арыз оның 1992 жылы туған анасынан түскен болатын. 19 мамырда сағат 20.17-де әйел адам ұлының, яғни №16 орта мектептің 5-сынып оқушысының сабақтан кейін үйіне оралмағанын хабарлады. Балада ұялы телефон болмаған. Бірден департаменттің барлық жеке құрамы мен күштері іздеуге бағытталды», - делінген хабарламада.
Іздеу жұмыстары түні бойы жалғасты, іздеу іс-шараларын жүргізуге криминалдық полиция, патрульдік полиция батальонының, жергілікті полиция қызметінің, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшенің және жедел тергеу тобының (200) қызметкері жұмылдырылды.
«Бала келесі күні Алтын Алма базарының жанындағы ағаштардың түбінде ұйықтап жатқан жерінен табылды», - делінген хабарламада.