Тоқаев Сиань қаласында Қазақстанның бас консулдығын ашты
Мемлекет басшысы Бас консулдықты ашуға қолдау көрсеткен Қытай тарапына ризашылығын білдірді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сиань қаласындағы Бас консулдықты салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Бас консулдықты қысқа мерзім ішінде ашуға қолдау көрсеткені үшін Қытай тарапына ризашылығын білдірді.
«Төраға Си Цзиньпинмен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ бірлескен мәлімдеме жасалды, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Шын мәнінде, бұл сапар қазақ-қытай ықпалдастығының «30 жылдық алтын дәуірін» бастады деуге болады. Әрине, бұл сапардың мән-мағынасы ерекше.
Бүгін – Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы үшін тағы да бір аса маңызды әрі тарихи күн. Біз Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашқалы тұрмыз. Бүгінде Сиань – «Бір белдеу – бір жол» экономикалық белдеуінің маңызды бекеті. Шэньси өлкесі және Сиань қаласы Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан. Солтүстік Қазақстан облысымен және Шымкент қаласымен бауырластық қатынас туралы келісімге қол қойылды. Бұл шаралар екі ел арасындағы барыс-келісті жандандыра түсері сөзсіз. Бас консулдық осы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Сианьда Бас консулдық ашу туралы тиісті жарлыққа 2022 жылы 5 қарашада қол қойған болатын. Консулдық ғимаратында дипломаттармен қатар Қазақстанның экономикалық мүддесін ілгерілету үшін ұлттық компаниялардың өкілдіктері де орналастырылады.
Бас консулдықтың ашылу рәсіміне ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Цинь Ган қатысып, Қытай үкіметінің құттықтауын жеткізді.
Қытайлық дипломаттың айтуынша, Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығының ашылуы екі елдің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Қазақстан – Қытайдың Шэньси провинциясында өзінің дипломатиялық өкілдігін ашып отырған Орталық Азиядағы жалғыз ел.