Президенттің Іс басқарушысы «Бурабай» ұлттық паркінің инфрақұрылымында қандай өзгерістер болатынын айтты
Былтыр курорттық аймаққа 711 мыңнан астам адам келген
ҚР Президентінің Іс басқарушысы Айбек Дәдебаев өзінің телеграм каналында «Бурабай» мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің инфрақұрылымын дамыту барысы туралы жазды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ол Президент Іс басқармасына бағынысты ведомстволық ұйымдарда басымдық берілетін жұмыстарға тоқталды.
«Былтыр курорттық аймаққа 711 мыңнан астам адам келді. Бұл тек ұлттық парктің бақылау-өткізу бекетінен өткендердің саны. Ал биылғы көрсеткіш былтырғыдан кем түспейді деп межеленіп отыр. Әрине, туризмді дамытып жатқан өңірге демалушылардың көп келгені жақсы. Дегенмен, ұлттық парк үшін бұл біршама жүк екенін де ескерген жөн. Сондықтан «Бурабай Даму» кәсіпорны мен «Бурабай» ұлттық паркі белсеніп жұмыс істеуі керек. Бұл, әсіресе, өрт қауіпсіздігі мен қорықты қорғауға қатысты», – деп жазды Айбек Дәдебаев.
Оның айтуынша, өртті дер кезінде анықтап, тез арада ауыздықтауда смарт-жүйе өз тиімділігін көрсетті. Мәселен былтыр 21 өрт оқиғасы тіркеліп, жалын шарпыған жер көлемі 1,3 гектармен шектелді. Яғни, тілсіз жаудың таралу аумағы 2021 жылмен салыстырғанда 8,6 есе азайған.
«Биыл жалғасын табатын «Smart National Park Burabay» жобасының аясында 5 өткізу-бақылау бекетін автоматтандыру, қоршаған ортаға мониторинг және сараптама жасайтын қосымша құралдар орнату, ғылыми жұмыстарды күшейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өртті ерте анықтайтын қосымша 3 бақылау камерасы қойылмақ. Осылайша, бақылау камералары бар 17 мұнара «Бурабай» паркінің ғана территориясын емес, іргелес жатқан қорғалатын аумақты да бақылап отыратын болады. Бұл дегеніміз – 377 166 гектар жер», – деген Айбек Дәдебаев туристерді сақтық шараларын ұмытпауға шақырды.
Сондай-ақ ол биыл жазда туристердің ат шалдырып, аяқ суытуына арналған қосымша 35 бекет бой көтеретінін, оның ішінде 26 бекетке от жағатын ошақ қойылатынын жеткізді. Үстел, сәкі, ошақ, өрт сөндіру құралдары қойылған осындай орындар Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты көлдерінің жағасында, сондай-ақ «Терраса парк» қонақүйінен «Ақбура» курортына дейін созылып жатқан велосипед жолының бойында орналасады.
От жағуға болмайтын, тек тамақтанатын, демалатын орындар «айқұлақ» мүсіннен бастап Абылай хан алаңына дейінгі веложолдың бойында, Кенесары үңгіріне жақын маңда салынады.
Туристерге арналған бекеттердің нақты картасын «Бурабай Даму» ЖШС мен «Бурабай» МҰТП сайттарынан, сондай-ақ Ұлттық парктің мобильді қосымшасынан көруге болады.