Күн жылынғалы елімізде 120-дан астам табиғи өрт болған
Табиғи өрттер елді мекендерге жайылған жайттар да кездескен

Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов өрт қауіпсіздігі бойынша кемшіліктерді атады, деп хабарлады Azattyq Ryhy.
«Күн жылына бастағаннан бері елімізде 120-дан астам табиғи өрт оқиғасы тіркелген. Олар көп жағдайда адамдардың кінәсінен орын алды. Тіпті елді мекендерге іргелес аумақтар мен алқаптардан басталған өрт тұрғын үйлерге ауысып, адамдардың өміріне қауіп төндіруде. Биыл осындай 14 жағдай тіркелді.Бұл – бірінші кезекте, өрт қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті органдар мен жедел әрекет етуі тиіс төтенше жағдай қызметтері мен әкімдіктердің жұмысындағы кемшілік», - деді ол.
Әлихан Смайылов атағандай, сондықтан өрттен қорғайтын белдеулерді жырту, іргелес аумақтарды қураған шөптерден тазарту сияқты жұмыстарды тез арада жүргізу керек.
«Табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелерін белсенді енгізу қажет.Мәселен, «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында енгізілген смарт-жүйенің арқасында былтыр өрт оқиғасы айтарлықтай азайды. Мұндай тәжірибені басқа да табиғи парктер мен қорықтарда пайдалану керек.Тағы бір маңызды мәселені атап өткім келеді. Қостанай облысында өткен жылы болған өрт тәжірибесі көрсеткендей, тілсіз жауды тез арада сөндіру үшін Экология және Төтенше жағдайлар министрліктері орман алқаптарының маңында су көздері мен өрт тоғандарын дайындауы тиіс. Олар өрт сөндіру техникаларына ғана емес, сонымен бірге тікұшақтардың да су алуы үшін қажет», - деді ол.
Әлихан Смайылов төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, еліміздегі орман және дала өрттерінің алдын алу мен жою жөніндегі арнайы ведомствоаралық жоспардың іске асырылуын күнделікті бақылауға алуды тапсырды.