Алматыда «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен қайырымдылық жәрмеңкесі өтті
Жәрмеңкеден түскен қаражат мүгедек балалардың отбасылық клубына жіберіледі
Алматыда «AMANAT» партиясы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараға Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, партия мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.
Қайырымдылық жәрмеңкесінде әртүрлі ұлттардың асханаларынан аспаздық тағамдар ұсынылды. Сондай-ақ, мерекелік жәрмеңке барысында қазақ, орыс, өзбек, армян, ұйғыр, күрд ұлттарының ансамбльдері қатысқан концерттік шоу-бағдарлама ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы іс-шараның экологиялық тазалығына баса мән берді. Аумақта қалдықтарды бөліп жинауға арналған арнайы экоконтейнерлер орнатылды. Жәрмеңкенің барлық қонақтары қоқысты әр контейнерге бөліп тастап, қаланың экологиялық қауіпсіздігіне үлес қосты.
Қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен барлық қаражатты мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдаумен айналысатын «Тағдыр» мүгедек балалардың отбасылық клубына жіберіледі.