$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаев ұлттар арасындағы әлеуметтік шиеленістің алдын алуды тапсырды

Президенттің айтуынша, «жабық этникалық аудандар мен кварталдарда» ақпараттық жұмысты күшейту керек

Тоқаев ұлттар арасындағы әлеуметтік шиеленістің алдын алуды тапсырды
Фото: Ақорда

Қазақстанда этникалық топтар көп орналасқан шалғайдағы ауылдар мен аудандарда ақпараттық жұмысты күшейту керек. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ұлттар арасындағы әлеуметтік шиеліністің пайда болуына себеп болған факторларды жою үшін нәтижелі шаралар қабылдау керек. Мен өткен сессияда жабық этникалық аудандар мен кварталдардың орнауына жол бермеу керек екенін айтып, маңызды тапсырмалар бергенмін. Қазір кешенді шаралар ойластырылып, жұмыс жоспары жасалған. Енді осы шаралар мен жоспарларды сапалы түрде дер кезінде жүзеге асыру керек», - деді Тоқаев.

Бұл ретте Президент ұлттар арасындағы әлеуметтік топтардың бір-бірімен толық ықпалдасып кетуіне кедергі келтіріп отырған аймақтық, мәдени және өзге де факторларға ерекше назар бөлу керек екенін атап өтті.

«Соңғы шиеленістер көбіне ауылды елді мекендерде болды. Сондықтан шалғайдағы ауыл тұрғындары арасында, әрісере этникалық топтар жинақы орналасқан аудан тұрғындары арасында ақпараттық жұмысты күшейту керек. Адамдарға этносаралық қарым-қатынас саласында мемлекет қандай саясат ұстанатынын түсіндіру керек. Жергілікті қауымдастықтарды Ассамблея мен оның қоғамдық құрылымдарының жұмысына тарту керек», - дейді Тоқаев.

Сонымен қатар Президент Ассамблеяның қызметін біртіндеп ұлттың ықпалдастық әлеуетін күшейтіп, этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктердің қызметіне тың серпін беру мәселесіне айрықша назар аударуы қажет екенін атап өтті.

«Түрлі этностардың мәдениет қайраткерлері арасында қоғамдық диалогтың болуы өте маңызды. Жұмыс тәсілі қазіргі заманға сай болғаны жөн. Үкімет осы айтылған мәселелерге назар аударуы керек», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары